90 мың адамнан 25 миллиард теңге жинаған: Asar Baspana ұйымдастырушылары сотталды
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Алматыда Asar Baspana қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу дерегінше, Н.М.Туғанбаев бастаған топ 90 мыңға жуық азаматтан жалпы сомасы 25 миллиард теңге жинаған. Салымшыларға ай сайын 30%-ға дейін табыс табуға болатыны уәде етілген.
Азаматтардың сеніміне кіру үшін ұйымдастырушылар құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын, тігін цехы, сондай-ақ тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Бірақ іс жүзінде өнімдер басқа жеткізушілерден сатып алынып, оларға Asar Baspana логотипі жапсырылған.
2024 жылғы желтоқсаннан бастап пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде ұйымдастырушылар автомагазиндер ашылғанын және дилерлермен ынтымақтастық орнатылғанын мәлімдеген. Тергеу барысында көліктердің салымшылардың ақшасына сатып алынып, ұйымдастырушылардың туыстарының атына рәсімделгені анықталды.
Сот үкімімен Н.Туғанбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы үш ұйымдастырушының әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал 13 өңірлік жетекші 5 жылға шартты түрде сотталды.
Сонымен қатар жалпы құны 5,6 миллиард теңгеге бағаланған бұғатталған активтер жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге бағытталады. Мүліктің қалған бөлігі мемлекет кірісіне өткізіледі.
Қаз
Рус






