Жеті жылда 75 медаль: Алматылық жас спортшы әлемді мойындатып жүр

2 504

Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.

Фото: Almaty.tvСегіз әлем чемпионаты, сегіз алтын, ал артында жеті жылдық тынымсыз еңбек жатыр. Бұл – 15 жастағы алматылық Айлин Мырзағалидың спорттағы нәтижесі. Джиу-джитсуды серік еткен жас өрен бүгінде Қазақстанның төрт, Азияның екі дүркін чемпионы, - деп хабарлайды  Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Айлиннің қызығушылығы татамимен ғана шектелмейді  

Айлин Мырзағалидың спорттағы жолы жеті жыл бұрын басталды. Сегіз жасында оны джиу-джитсуға алғаш рет анасы ертіп әкелген. Әуелгіде қарапайым қызығушылықтан басталған бұл спорт уақыт өте келе оның өмір салтына айналды. Ал алғашқы жарысы нәзік жанды қыздың татамиге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Жеңістің дәмін сезінген Айлиннің бойында қайсар мінез қалыптасып, жеңіске деген жігері артты. Содан бері ол үш салмақ дәрежесінде сынға түсіп, түрлі деңгейдегі бәсекелерден 75 медаль олжалаған.

«Бүгінге дейін жеңіп алған 75 медалімнің 65-і – алтын, жетеуі – күміс, екеуі – қола. Қазақстанның төрт дүркін чемпионымын, спорт шеберіне кандидат әрі жасыл белбеу иегерімін. Әлем чемпионатында сегіз рет топ жарып, Азия біріншілігінде екі мәрте жеңіс тұғырынан көріндім. Бұл жетістіктерім тынымсыз еңбек пен жақындарымның қолдауының арқасында келді. Сондықтан әлі де жаттығуымды тоқтатпаймын», – деді Джиу-джитсудан 8 дүркін әлем чемпионы Айлин Мырзағали.

Бүгінде Айлин Самат Рамазановтың жетекшілігімен жаттығады. Аптасына бес рет залға келіп, әдіс-тәсілін жетілдіріп, физикалық дайындығын шыңдайды. Бапкерлері де жас спортшының әлеуетін жоғары бағалайды.

«Айлин залға ең алғаш келген кезде физикалық тұрғыдан өте мықты қыз екені бірден көрінді әрі мінезді қыз. Әр бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді. Күніге екі рет дайындаламыз. Оның ішінде физикалық, техникалық жаттығулар және күрес күндері бар. Күніге бір жаттығудың өзіне 1, 5 – 2 сағат өтеді. Ол әрине оңай емес, оған да шыдамдылық, төзім керек. Айлин шыдап, жақсы жетістіктер көрсетіп жүр», – деді Айлин Мырзағалидің бапкері Мақсат Мұратұлы.

Айлиннің қызығушылығы татамимен ғана шектелмейді. Бос уақытында сәйгүлік тізгіндеп, серуендегенді ұнатады. Жас спортшының сөзінше, бұл әуестік жарыс пен жаттығудың қарбаласынан бір сәт алшақтап, ойын сергітуге мүмкіндік береді. Бір қызығы, екі бағыттың өзара үндесетін тұсы да бар. Тепе-теңдікті сақтау, жинақылық пен батылдық джиу-джитсуда қаншалықты маңызды болса, ат тізгіндегенде де соншалық қажет.

Ат тізгінін ұстаған Айлин қолынан кітапты да түсірмейді. Қарқынды жаттығу мен жарыстарға қарамастан, сабағын қатар алып жүр. Әсіресе ағылшын тілін меңгеруге ден қойып, білімін жетілдіруге уақыт бөледі. Болашақ мамандығына қатысты ойы да айқындала бастаған. Әзірге медицина саласын таңдап, дәрігер болуды армандайды. Үш баланың үлкені болғандықтан, іні-сіңлілеріне де үлгі болуға тырысады. Ал спорт пен білімді қатар алып жүруіне ата-анасының қолдауы зор.

«Жаттығуға барса, жағдай жасаймыз. Оның жаттығуына, жарыстарға баруына, одан кейін де қалпына келуіне көп көңіл бөлеміз. Мақсатымыз – Айлиннің Олимпиада чемпионы болғанын көру», – деді Айлин Мырзағалидің әкесі Асхат Байшапанов

Жеті жыл бұрын анасының жетегінде спортзалға келген Айлин бүгінде ел намысын әлемдік аренада қорғап жүр. Ендігі көздегені – Олимп шыңы. Биік мақсатқа бет алған 15 жастағы өреннің әр жеңісі қазақ спортының келешегіне деген сенімді бекемдей түседі.

OpenNews
информационное агентство
Правовая информация

При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Информационный материал +18 предназначен для лиц в возрасте от 18 лет и старше.

Контакты

Нашли ошибку в тексте?
Выделите его и нажмите Ctrl + Enter .

Социальные сети

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - информационное агентство.