Блогер өзіне көлік алу үшін халықтың қалтасын қағуда
Блогер Әсел Асқар “Gelendwagen” автокөлігін армандайтынын айтып, халықтан ақша жинауда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарына 200 миллиондық автокөлікті армандап жүргенін айтқан еді. Желі қолданушылары блогерге қолдау көрсетіп, армандаған көлігіне ақша жинауды бастап кетті. Оқырмандардың белсенділік танытқаны сонша, бір күнде 1 миллионнан астам қаражат жинады.
“Курс өткізіп, жарнама жасап не істеймін? Оқырмандарыма “Гелик алғым келеді” деп айтсам болды екен ғой. Мен қалай ақша жинаймын деп ойланып жүрсем. Оқырмандарым өздері-ақ жинап беріп жатыр. Бір күнде 1 миллион теңгеден аса жиналды”, – дейді блогер.
Әсел Асқардың бұл өтінішін жерге тастамай, соңғы ақшасын бергендер бар. Бірақ желі қолданушыларының арасынан блогердің мұнысын арсыздыққа балағандар да табылды.
“Неге қайырымдылыққа ақша жинамайсың?”, “Мұндайды қайыршы дейді”, “Жұрттан ақша сұрағаны несі?”, “Сізді басқа блогерлер сияқты емес деп ойлаушы едім, қателесіппін”, “Геленді алғанша тыныштық жоқ десейші”, “Халықтан ақша жинап, машина аламын дегеніңіз ұят емес пе?”, – деп сынның астына алды желідегілер.
Блогер тіпті болашақ автокөлігіне арнап өлең жазып, желідегі парақшасында жариялады.