"Бұл халықаралық деңгейдегі алаяқтық": Танымал әнші Say Mo-ның басы дауға қалды

1 274

Қазақстандық әнші сахнада өнер көрсетуден бас тартып, көрермендер билеттің ақшасын қайтаруды талап етуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 24.kg сайтына сілтеме жасап. 


Шараға қатысушының бірінің мәлімдеуінше, 15 шілде күні Ыстықкөл жағалауында концерт өтуі керек болған. Концерттің басты қонағы қазақстандық орындаушы Say Mo болатыны және Дубайға екі адамға жолдама ойнатылатынын хабарланған. Сайт мәліметінше, қырғызстандықтар бір билет үшін 3 мыңнан 8 мың сомға дейін, яғни 15 мыңнан 40 мың теңгеге дейін төлеген. Концертке қатысушының бірінің айтуынша, уәде етілген концерттік шара толық болмаған. 


"Сол кеште Say Mo өнер көрсетпеді, жолдама ойнатылмады. Біз 3 мың сомнан төрт билет және 6 мың сомға бір билет алдық. Билеттің бәрін Say Mo үшін сатып алған едік. Адамдар Бішкек пен Оштан келді. Ұйымдастырушылар сусындар мен анимациялық шоу және от шашу уәде етті. Алайда олар да концерт барысында орындалған жоқ. Ұйымдастырушылар кеш соңында барлық жарықты өшіріп, қашып кетті. Бұл халықаралық деңгейдегі алаяқтық. Концертті екі ай бойы жарнамалаған еді", - деді бойжеткен. 


Сонымен қатар бойжеткен ұйымдастырушылардың билет құнының тек 10 пайызын қайтаруға уәде бергенін атап өтті.


 "Уәде етілген ұйымдастырудың тек 30 пайызы орындалғандықтан, біз билет құнының 50 пайызын қайтаруды талап етеміз. Біраз бізге Шолпан-Атаға барып арыз жазу керектігін айтты. Мұның қандай шығын екенін түсінесіз бе?", - деді бойжеткен. 



Ал қазақстандық әнші Say Mo әлеуметтік желіде сахнаға шықпауына ұйымдастырушылардың гонорарды толық төлемеуі себеп болғанын атап өтті. 


"Ыстықкөлдегі шарада өнер көрсетпеймін, тоқталды. Біріншіден, ұйымдастырушылар гонорардың қалған бөлігін төлемеді. Тегін немесе жартылай төленген гонорарға өнер көрсетпеймін. Екіншіден, тұрмыстық рейдер талаптары (орындаушының іс-шараны ұйымдастырушыларға қоятын талаптары, оның ішінде тамақтану, күзет, көлік - ред.) орындалмады. Нашар ұйымдастырушыларға тап болдым. Олар тіпті қонақ үй ақысын төлемеді", - деп түсіндірді әнші. 


Шара ұйымдастырушысы Жібек Мұхтарбекова осы жағдайға қатысты пікір білдірді. 


Жібек Мұхтарбекова басылымға ұйымдастырушылар өз міндеттемелерінің 80 пайызын орындағанын және зардап шеккендер Шолпон-Ата полиция бөліміне жүгінген жағдайда ғана билет құнының 30 пайызын қайтаруды ұсынғанын айтты. 


"Әртіс (Say Mo - ред.) сахнаға шығуына 15 минут қалғанда өнер көрсетуден бас тартты. Ол түн ортасында 1,5 млн теңгені талап етті, мен ол қаражатты түнде Ыстықкөлден таппас едім. Біз оған соммен немесе доллармен ақы төлеуді ұсындық. Ол қабылдаудан бас тартты. Сонымен қатар Say Mo Ыстықкөлге отбасымен келген, олар төрт адам. Біз 14-16 шілде аралығында, яғни концерт уақытында қонақ үй ақысын төлеп қойдық. Алайда ол демалысын 19 шілдеге дейін создыруды талап етті. Ол таңдаған қонақ үйдің бөлмесі тәулігіне 380 доллар тұрады. Әрине, мен оның қонақ үйде қалуын әртіс айтқан күнге дейін создыра алмадым. Сондықтан ол өнер көрсетуден бас тартты", - деді Жібек Мұхтарбекова.