Ақбота Сейітмағамбет тележүргізушілікке бет бұрды
Қазақстандық шоу-бизнес жұлдызы Ақбота Сейітмағамбет әншілік пен актерліктен бөлек, енді өзін жаңа қырынан таныстырмақ. Өнер иесі тележүргізушілікке бет бұрды. Ол отандық арналардың біріндегі бағдарламаның тізгінін ұстайтын болады.
Ақбота Сейітмағамбет енді "Алматы" арнасындағы "Таңғы хабар" бағдарламасының жүргізушісі болды. Актриса жаңа қызметке орналасқанын өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
“Таңғы хабар" бағдарламасында алғашқы күн сәтті өтті! Ат салысқан командаға алғысым шексіз", - деп жазды өнер иесі.
Әнші ару аталмыш бағдарламаны белгілі отандық актер Шерхан Пірназаровпен бірге жүргізеді. Ол да әлеуметтік желі арқылы көпшілікке өзінің жаңа әріптесін танысытырп үлгерді.
"Менің жаңа әріптесім Ақбота Сейітмағамбет. Сәттілік серігің болсын", - деп тілегін білдірді актер.
Желі қолданушылары Ақботаны жаңа бастамасымен құттықтап, оған бұл қызметінде сәттілік тіледі. Олар өнер иесінің қатысуымен болатын эфирді асыға күтетіндерін жазды.
Сонымен қатар, кейбір оқырмандар актрисаның өнер саласынан кетіп қалатынына алаңдаушылық білдірді . Алайда, жанкүйерлерінің көпшілігі Ақботаның бұл жұмысын қатар алып жүретініне аса сенімді екенін айтты.