Аша Матай өзінің медаль алғанын көре алмағандарға жауап берді
Аша Матай «Қалаулым» бағдарламасын тізгіндеп жүрген кездері «Матай Бөрібай батыр» атындағы «Ұлттық рухты көтеру жолындағы еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын. Қалың көпшілік бұл жайтқа шүйлігіп шығып, желіде актрисаны сынап тастады.
Өнер иесі аталмыш марапатқа ие болған кезде еңбегінің бағаланғанын көре алмағандар көп болғанын жасырмады. Ашаның мұндай жетістікке жеткеніне әкесі шын жүректен қуанышты. Ол жұлдызды қызын шу тудырған медальға әбден лайық екенін айтып, оны сынаған жұртшылыққа жауап берді.
«Менің қызым «Матай Бөрібай Батыр» атындағы медальді алды. Ол төсбелгі қоғамда қатты резонанс тудырды. Көрермендер сынға алды. Аша бұл марапатқа лайықсыз деп сөккендер де аз болған жоқ. Журналистерге қатты ашуландым. Елге жаңалық айтпас бұрын алдымен өздерің біліп алсаңдаршы. Аша қандай еңбегі үшін алып жатыр, Ұлттық рухтың не екенін өздерің білесіңдер ме? Алдымен соны анықтап алыңдар, содан кейін сынай беріңдер. Мұндай марапат тіпті еркекке беріле бермейтін құрмет. Менің қызым сол құрметке әбден лайық адам. Мемлекеттің деңгейінде марапат беруге де болар еді, бірақ әлі күнге ондай құрмет берілген жоқ» , – деді тележүргізушінің әкесі Марат Асқарбеков «Ең алғашқы» бағдарламасында.