Ерболат Беделхан AZ-дің Ninety One тобынан кетуіне рухани күйзеліс себеп болғанын айтты

797
"Ninety One" тобының продюсері Ерболат Беделхан топтан кеткен Азамат Зенкаев (AZ) туралы өз ойын айтты- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  "Шынайы Ақберенмен" бағдарламасына сілтеме жасап.  

Ақын Ақберен Елгезекке сұхбат берген продюсер Қазақстандағы музыка, ондағы жаңа бағыттар, сонымен бірге, той-бизнеске деген көзқарасы туралы айтты.

Бұдан бөлек, Ерболат Беделхан атышулы топтан кеткен Азамат Зенкаевқа қатысты сұрақтарға да жауап берді. Оның сөзінше, AZ рухани күйзеліс салдарынан топтан кету туралы шешім шығарған.

"Өзім шығарып салдым. Рухани күйзеліс. Менен кеткеннен кейін өнерге деген құлшынысы қайта туындап жатыр деп естіп жатырмын. Бірақ бізде қалай? Жұмыс көп. Күнде студияға барады, күнде жаттығады, күнде билейді. Шаршайды. Тек қана рухани ғана емес, физикалық тұрғыдан да шаршайды. Бес жыл оңай емес. Балалардың көбі басында билеуді де білмеген. Бастапқыда мен үйреттім, төрт жыл болды хореографтар үйретіп келеді", - дейді продюсер.

Сондай-ақ, ол топ мүшесінің кетуі ұжымға қалай әсер еткенін айтты.

"Азаматтың кетуі бәрімізге әсер етті. Маған да, балаларға да. Бренд деген зат немен ерекшеленеді? Мысалы бір жұдырықта бес саусақ болса, біреу жоқ боп қалса қалғандары әлсіз болады ғой. Сол сияқты мұндағы бес баланың тағдыры да бір-біріне байланған.

Топты, брендті қалыптастыратын адам. Сондықтан, олар жеке-жеке кетсе, әр қайсы кішігірім бренд болып, ән айта береді. Ал оның орнына басқа адам алу деген бұрынғы Кеңес Одағының жүйесі", - деп ол AZ-дің орнына ешкім келмейтінін кесіп айтты.