“Дос-Мұқасан” солистіне “Қазақстанның халық әртісі” атағы берілмеген
Әлеуметтік желілерде “Дос-Мұқасан” ансамблінің солисті Мұрат Құсайновтың әлі күнге дейін “Қазақстанның халық әртісі” атағына ие болмағаны қызу талқылануда,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Threads желісінде жарияланған жазбада автор халықтың сүйікті әншісі Мұрат Құсайновтың бұл мәртебелі атақты әлі алмауына таңданыс білдірген. Пост бір миллионнан астам қаралым жинап, жан-жақты пікірталас тудырды.
Желі қолданушыларының бір бөлігі музыканттың еңбегін жоғары бағалап, “Бұл атақты баяғыда алуы керек еді” деп қолдаса, енді біреулері оның мінез-құлқына қатысты сын пікір қалдырған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Мұрат Құсайновқа шынымен “Қазақстанның халық әртісі” атағы берілмегенін растады. Негізгі себеп — бұл атақты беру жөнінде министрлікке ешқандай ұсыныс түспеген.
«Мұрат Құсайновқа атақ беру туралы өтініш министрлікке келіп түспеді. Биыл құжат қабылдау аяқталды. Егер келесі жылы тиісті құжаттар тапсырылса, министрлік оны белгіленген тәртіппен қарауға дайын», — делінген ресми түсіндірмеде.
Сонымен қатар ведомство музыканттың бұған дейін бірнеше жоғары марапатқа ие екенін атап өтті:
«Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі»;
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»;
«Құрмет» ордені;
«Парасат» ордені.
Халық әртісі атағы қалай беріледі?
2023 жылдан бастап “Қазақстанның халық әртісі” атағы театр, музыка, кино және цирк саласының дамуына елеулі үлес қосқан өнер қайраткерлеріне тағайындалады.
Үміткердің міндетті түрде “Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі” немесе “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы болуы тиіс.
Марапатты Президент табыстайды, ал ұсыну құқығы парламентке, үкіметке, министрліктерге, жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ шығармашылық ұйымдарға берілген.







