«Тентіреп кете жаздадым»: Айгүл Иманбаева бір жылдан бері сиқырмен күресіп жүргенін айтты
Белгілі әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева соңғы бір жылда басынан өткен қиындықтар туралы айтып, өзіне сиқыр жасалғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Өнер иесінің сөзінше, осы жағдайдан кейін үйін сатуға мәжбүр болып, 100 миллион теңгеге жуық қарызға батқан.
Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында өміріндегі ауыр кезеңді еске алып, сиқыр мен дуаның салдарымен күресіп жүргенін айтты.
Айтуынша, жағдайы тіпті тығырыққа тіреліп, баспанасын сатуға тура келген. Қарызы да шамамен 100 миллион теңгеге жеткен.
«Үйді де саттым, 100 миллион теңгелеп қарызға да баттым. Тентіреп кете жаздадым. Осылай абыроймен жүрген күннің өзінде тығырыққа бір-ақ тірелдім», – деді ол.
Өнер иесі мұндай жағдаймен бір жылдан бері күресіп келе жатқанын жеткізді. Қазір жағдайы біршама жақсарғанымен, әлі де ем қабылдап жүргенін жасырмады.
Әншінің айтуынша, өзі иелік ететін дәмхана мен мектептен, сондай-ақ жиі баратын өзге де орындардан күмәнді заттар табылған. Олардың арасында қуыршақ, сурет, жіп, қан мен топырақ болғанын айтты.
«Бір жыл болды алысып келе жатқаныма, әлі де алысып жатырмын. Бірақ былтырғыдай емес, шүкір. Не таппадық? Қуыршақ та, сурет те, жіп те, қан, топырақ – бәрі табылды. Бұрын мұндайға қарқылдап күлетін едім. XXI ғасырда ондай нәрсе жоқ деп ойлайтынмын. Асқақ, артық сөйлеген екенмін», – деді актриса.
Сонымен қатар Айгүл Иманбаева ем іздеп барған адамдардың оған сиқырдың адам өміріне әсері туралы түсіндіргенін айтты. Олардың сөзінше, мұндай жағдай бес кезеңнен тұрады. Алғашқыда адамның ешнәрсеге зауқы соқпайды, кейін қаржылық қиындықтар туындап, айналасындағылармен жанжалы көбейеді. Одан кейін денесінен жағымсыз иіс шығып, соңғы кезеңде өзіне қол жұмсау туралы ойлар пайда болуы мүмкін екен.
Айгүл Иманбаева өзіне кімнің мұндай әрекет жасағанын білетінін де айтты. Алайда күдіктенген адамның атын атап, түсін түстеуден бас тартты.
Әнші басынан өткен жағдайға қарамастан, ешкімге өкпесі жоқ екенін және өзін ренжіткен адамды кешіргенін жеткізді.
«Ең бастысы, өз бойыңды, ойыңды таза ұстап, жақсы ниетте болу. Мұны жасаған адаммен алыспаңыз. Жаратқан сізді жақсы көргендіктен осындай сынақ жібереді. Мен мұны осылай қабылдадым. Еш ренішім жоқ, оны істеген адамды кешірдім, жібердім. Бірақ мұны кім жасағанын білемін», – деді өнер иесі.
Сөз соңында актриса бұл оқиғаны өміріндегі үлкен сынақ деп қабылдағанын айтып, енді сиқыр мен дуа тақырыбына қайта оралғысы келмейтінін мәлімдеді.
Қаз
Рус






