"Түрік актерлеріне көліктің құнын төледім". Қоянбаевтың фильмі жарыққа шықты

499

Белгілі әзілкеш, продюсер Нұрлан Қоянбаевтың "Түркиядағы қазақша кәсіп" фильмі көрермендерге жол тартты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Фильмнің бесінші бөлімі халықтың сұрауымен қазақ тілінде түсіріліпті. Туындының бюджеті 500 миллион теңге.

Фильм алғашқы кадрынан-ақ күлкіге қарық қылып, адамды өзіне баурап алады. Басты рөлдегі кәсіпкер Жомарт бұл жолы Түркияның Стамбул қаласынан қымбат қонақүй сатып алмақ болады. Алайда ол алаяқтардың арбауына түсіп қалады.

Түркия мен Қазақстандағы бизнестің айырмашылығы қандай? деген сауалды жиі қояды. Иә, Түркия отырықшы ел. Олар кез-келген кәсіпті дөңгелетіп алып кетеді. Бізде де кәсіппен айналысып жүрген жандар көп. Қазақтар бизнесті енді үйреніп жатыр,— дейді Нұрлан Қоянбаев.

Оқиға желісі әдеттегідей жарасымды әзіл-қалжыңмен өрбиді. Қоянбаевтың бұл фильміне түріктің атақты актері Қадыр Доғулы түскен.

Түркияда танымал актер Қадыр Доғулы көп көмектесті. Қаражатымыз аз болса да олар бізді қолдап, демеп жіберді. Түрік актерлерінің қаламақысы Еркоштың қаламақысынан көп емес. Жаңа көліктің құнын төледім,— дейді Нұрлан.

"Қазақша кәсіп" фильмі келесі жылы Түркияда түрік тілінде түсіріледі екен. Өткен жылы түсірілуі керек кино пандемияның кесірінен тоқтап қалған көрінеді.

"Қазақша кәсіптің" бес бөліміндегі ең үздік әзілдерін алып бір кино шығардық. Соны түрікшеге аударып, сценариін жазып қойдық. Кинода тек түрік актерлері ойнайды. Біз төбе көрсетпейміз,
— дейді продюсер.

"Бизнес по-казахски" комедиясының Түркиядағы түсіріліміне қатысу үшін әзілкеш Жахан Отарғалиев пен актер Қайрат Әділгерей желіде батл ұйымдастырған еді. Халық жаңа жобада КВН түлегі Жаханды көргісі келіп, оған көп дауыс берген. Жахан бұл фильмде аудармашының рөлін сомдайды. Актер бір ай бойы түрік тілін үйренген.