"Сахнаны босатыңдар!". Басшылық Құдайбергеновтерге қатаң талап қойды

601

Елімізге танымал дәстүрлі әншілер Қанат Айтгүл Құдайбергеновтер халықтан қолдау күтеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Әншілер өздерінің Facebook-тегі парақшасында тыңдармандарынан қолдау сұрап, жазба жариялады.

"Құрметті халайық, армысыздар! Біздер Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясында 45 жылға жуық жұмыс істеп келеміз. Еңбегіміз еленіп мемелекеттік марапат та алдық. Енді облыстық мәдениет басқармасы мен филармония басшылары бізді жұмыстан шығып, киелі сахнаны босатыңдар деген талап қойып отыр. Сіздердің пікірлеріңіз қажет болып тұр", — деп жазды дәстүрлі әншілер.

Құдайбергеновтер Нұрғали Нүсіпжанов, Бибігүл Төлегенова сынды өнер майталмандарының әлі күнге дейін ұжымда қызмет етіп, сахнадада жүргенін алға тартты.

"Филармониямызда бар жоғы төрт-бес республикаға еңбек сіңірген өнер қайраткерлері бармыз, бәрімізді зейнеткер деп сахнадан қуып шығу әділдік пе? Кейінгі өнерлі жастарға облысымыздың мақтан тұтар өнер тарландары деп үлгі етудің орнына сахнадан кетіңдер дегені қаншалықты дұрыс деп ойлайсыздар? Бәріміздің кәсіби деңгейіміз жоғары",- делінген жазбада.

Қанат Айтгүл Құдайбергеновтер "фонограммасыз халыққа сағаттап ән салып, күй тартауға бармыз", дейді.