Жазира Байырбекова: Әйелдің басына жауапкершілікті үйіп, ерлерді еркелетіп жіберген сияқтымыз

576
"Жақсы әйел жаман еркектің басын төрге сүйрейді". Халық арасында кеңінен тараған бұл мақалмен Жазира Байырбекова келіспейді. Әншінің айтуынша, санасы жетілген ер адам ештеңеге қарамастан, мақсатына ұмтылады. Байырбекова қоғамда әйелдерге үлкен жауапкершілік артылып кеткенін айтты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

“Ер адамның басын көрге де, төрге де сүйрейтін әйел” деп әйелдің басына жауапкершілікті үйіп қойып, ерлерді еркелетіп жіберген сияқтымыз.

Ер адамның өміріне әйелдің әсері болары рас. Бірақ санасы бар адам әйелінің жақсы-жаманына қарамайды. Әйтпесе бізде небір тамаша қыз-келіншектер бар. Күйеулерін адам қыламын деп өз денсаулығын, өз абыройын (күйеуінің орнына жаман атты бола салып) өз өмірін құрбан етіп жүрген.

Ер адамның бала сүйдіруге денсаулығы жарамаса да, әйелден көретін, оған да үндемей шыдап жүретін қыз-келіншектер бар.

Күйеуі өсіп жатса, әйелінен көре берсін. Ал күйеуі өшіп жатса, әйелінен көргенді қою керек сияқты. Адам болуға санасы жетпей жүргендер әйелінен, досынан, туысынан, айналасынан мін тауып сылтауратады.

Ел мүддесін ойлайтын, қорғайтын азаматтарды өмірге әкелетін, күйеуін жаман болса да аман болсыншы деп тілейтін нәзік жандыларымызға Аллам күш-қуат пен сабыр берсін", - деп жазба қалдырды Байырбекова желідегі парақшасында. 

Желі қолданушылары әншінің жазбасын қызу талқыға салды. Көпшілігі Жазирамен келісті. 

"Өте дұрыс айттыңыз, бала əкесіз болмас үшін ғана жүрміз шыны керек", "Әйел қанша сүйресе де, көнбейтін топас еркектер жетеді", "Керемет, дәл айтылған. Санасыз еркекті төрге қанша сүйрелесең де, түк шықпайды. Әйел байғұс балаларым үшін деп шыдайды. Өз жастық өмірін қор қылады. Ал еркек ол жақсылығын білмейді де, бағаламайды да. Оған әйелі бәріне көнуге, балаларын тәрбиелеп, әрі жеткізуге міндетті секілді. Қазіргі көп еркектерде ар-намыс, жауапкершілік жок", "Дұрыс айтасыз. Әйелді жаман дегенімен қоймай, баланың сүйкімсіз әрекетін нағашыларына итеріп қоятынын қайтесіз", – деп жазды бір топ оқырмандар.