Тұрмысы нашар отбасылардың балалары балабақшада тегін тамақтанады

237
Премьер-министрдің қатысуымен өткен кеңесте білім саласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 


Оқу-ағарту министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жекеменшік мектептерде оқу кезінде Жаппай оқыту қорынан (мектеп формасымен, тамақпен қамтамасыз ету және тағы басқа) көмек алуға мүмкіндік беруді ұсынды. Бүгінде бұл норма мемлекеттік мектептерде ғана қолданылады. Үкімет басшысы бұл ұсынысты қолдады. 

Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған және мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға баруға мүмкіндігі жоқ отбасылардан шыққан балалар үшін тамақтануға ақы төлеу тетігін іске асыру мәселесі қаралды. Бұл шараны 2023 жылдың басында іске қосылатын «Отбасының цифрлық картасы» сервисі арқылы жүзеге асыру ұсынылды. Алдағы уақытта азық-түлік шығындарын төлеу үшін дағдарыс жағдайындағы отбасылардан шыққан балалар анықталады.

Әлихан Смайылов мемлекеттік органдардың қажет ақпараттық жүйелерін интеграциялауды аяқтауды және осы бастаманы қаржыландыру тетігін пысықтауды тапсырды. Бұл ретте ол қаражатты мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін олардың тиімді игерілуін бақылауды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

Президенттің тапсырмасы бойынша біз білім беруге қомақты қаражат бөлеміз және жаңа бастамаларды іске асыруға қосымша ақша бөлуге дайынбыз, бірақ сапа мен тиісті бақылауды қамтамасыз ету қажет, — деді Әлихан Смайылов.


Сонымен қатар кеңеске қатысушылар орталықтандырылған деңгейде балабақшаларға бірыңғай кезекті іске қосу мәселесін талқылады. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге және орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, екінші деңгейдегі банктер қосымшалары мен Egov арқылы кезекке тұру және тиісті жолдама алу қарастырылған. 

Әлихан Смайылов бұл бастаманы қолдап, жаңа жүйеде ұйымдастырушылық тәртіпті, оның ішінде қосарланған кезекті болдырмауды, балалардың деректерін тексеруді және т. б. толық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.