Қызылордада көмір тапшылығы мәселесі шешілген жоқ

3 578
Қызылордада көмір тапшылығы мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

 
Сырдың тұрғындары қыс маусымында көпшілігі Шұбаркөл кен орнында шығарылатын қатты отынды сатып алады. Көмір бағасы сапасына қарай 15 мың – 22 мың теңге аралығында. Тұрғындардың айтуынша, облыста «Қаражыра», «Екібастұз», «Майқұба» көмір қоры жеткізілген. Бірақ оның сапасы көпшілік көңілінен шықпайды.
 
Биыл күннің ерте салқындауына байланысты жылу қазандықтары қала тұрғындарын жылумен ерте қамтыды. Ал, үйлерін көмірмен жылытатын халық қара отынды таңнан кешке дейін кезек қойып, кезек жетсе көмір бітіп әбігерге түсуде. Қойма басында жүк көлігімен алып-сатарлар көптеп тиеп, екі есе бағаға сатуды кәсіп еткелі қашан. Расында, көмір жетіспеушілігі алғаш рет орын алып отырған жәйт емес. Десе де қойма қызметкері көмір тапшылығы орын алғанын жасырмады.
 
25-30мың тоннадай көмір саттық. Көмір кейде күнде, кейде күнара 5-8 вагоннан келеді. Келген бойда бәрі алып, бірден таусылып қалады.Кезек көп. Көмірдің жетіспеуіне байланысты камаздарға 6 тоннадан асырмай сатудамыз. Келесі 8 вагон бүгін түнде келеді, азанда сатылымға шығарамыз, бағасы 14 850 теңге, - деді қойма қызметкері Курбанов Даулетен.

 


Көмір алу үшін облыс аудандарынан да келгендер де бар. Қатты отынды әр көлікке 8 тоннаға дейін ғана тиеуге рұқсат. Өңірде көмір тапшылығы мәселесі жыл сайын қайталанады. Бірақ түбегейлі шешімін таппай келеді.
 


Көмірдің келуін тосатын алып-сатарлар жүк көліктерін қойманың ішіне де, сыртына да жіпке тізгендей етіп қойып, қас қарайғанда көліктерін сол жерге қалдырып кетеді. Қысқасы, бұндай тізілген кезектен қара халыққа көмір бұйырмай алып-сатарлардың ұсынған қымбат бағасына алуда. Ал, қойма қызметкерінің айтуынша кезектегі жүк көліктері соның ішінде “камаз” бен “зил” жүк көліктеріне шектеумен беріліп, көмірді үйлестіреміз деседі.
 
Қазақстандықтар арасында Шұбаркөлдің көмірі үлкен сұранысқа ие. Бұл көмірдің сапасы жоғары әрі күл аз қалады деп біледі жұрт. Осындай жақсы көмірді алу үшін Жалағаш ауданының Таң ауылынан қоймаға келген тұрғын аймақтарында көмірдің қымбат екенін айтып ашынады.
 
Мен бүгін қоймаға бесінші рет келіп тұрмын, ала алмадым. Кезекте тұрған алып-сатармен 30 мыңға жеткізіп беруге келісіп кеттім. Осындай алып-сатарлар бағаны көтеріп сатады. Жалағашта жанбайтын жаман көмірдің өзі 22мың мен 25мың аралығында сатылып жатыр, ол бағаға алғанша қымбат болса да жақсысын осы жақтан алған жөн,- деді Таң ауылынан келген тұрғын.


 
Көмірдің кезегі осындай. Іште тұрған, сыртта тұрған  кезек осы. Кезекпен кіріп аламыз. Қызылорда облысы бойынша осы бір жерден беріледі. “Зил” көліктеріне 5 тоннадан, камаздарға 2 ковуштан үйлестіріп беріп жатыр. Көлік іште қалса, азанда ерте келіп қыздырамыз. Вагон келсе, апыр-топыр тиеп береді. Осы жерден бізді жалдайды, біз ауыл, аудандарына жеткізіп береміз, - дейді Мейірбек есімді тасымалдаушы.

 


Осылайша саудагерлер маусымдық жұмысына кірісіп кеткен. Алайда, тұрмысы төмен отбасылар өлместің күнін көру үшін тонналап емес, қара отынның қабын 1200 теңгеден алуда. Тұрғындардың айтуынша, көмірдің қара халыққа жетіспеушілігі жылда қайталантын үйреншікті жағдай дейді.
 
Кеше келіп қарап кеттім. Бүгін міне тағы осында жүрмін. Көмірді алып үлгермейтін шығармын. Онда ертең тағы келуге тура келеді. Небәрі 2 тонна қажет еді. Үйге көмір жеткізудің машақаты көп. Бұл жақта кезек алып үлгерсең, кейде үйге жеткізер көлік табылмай қалады. Сонымен сенделіп жүрміз, - дейді Еркін.

 
Далаға қарасаңыз, әлден-ақ қыстың суық ызғары сезіледі. Күн суыды, халық қысқа қамдануға кіріскен. Алайда барша қазақ жұртын алаңдатып отырған бір мәселе бар. Ол – маусым келісімен-ақ табиғи отынның қымбаттауы. Бұл күзде қазақстандықтар баға үшін ғана емес, жалпы көмір мен отынның аздығына алаңдаулы.