Қарағандыда қаңғыбас иттер жасөспірімнің бет-аузын талап тастады

228
Қарағандыда қаңғыбас иттер жасөспірімнің бет-аузын талап тастады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

eKaraganda сайтының жазуынша, оқиға 12 қараша күні кешкі сағат 21.00-ден кейін болған. Сұрыптау станциясының 16 жасар тұрғыны дүкенге бара жатқан жолда оған иттер шабуыл жасаған.

Жасөспірімнің туысы Светлана Брозенің айтуынша, иттердің бірі Алексейдің бетін тістеп алған. Үйіне әрең жеткен балаға жедел жәрдем қызметі шақырылған көрінеді. Ол Қарағандыдағы Х.Ж.Мақажанов атындағы клиникаға жеткізілген.

"Оған хирургиялық тігістер жасалып, алғашқы укол салынды. Бір апта ішінде құтыруға қарсы екпе курсын алу қажет. Қазір оның ерні ісіп кеткені соншалық, ол дұрыс сөйлей алмайды және тамақтана алмайды. Жасөпірім тек түтік арқылы сұйық тағам жейді", - деп жазылған ақпаратта.

Жергілікті учаскелік полиция қызметкері зардап шеккен Алексейдің отбасына хабарласқан.

"Аталмыш факт полицияда тіркеліп, тиісті сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Бұл ауданда қаңғыбас иттерді аулау бойынша Қарағанды қаласының ветеринариялық қызметіне бірнеше мәрте хат жолданған", - деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.