Гендерлік саясатты негізгі қағидаттары қандай?

646
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, гендерлік саясатты іске асырудың тиімділігі өскелең ұрпақтың насихатталатын идеологияны, мінез-құлық стереотиптерін, рухани құндылықтарды ерте жасынан қабылдауына тікелей байланысты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Гендерлік саясатты қалыптастырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері

Қоғамда ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуді көздейтін Қазақстанның заманауи мемлекеттік саясаты жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктердің барлық түрлерін еңсеруге, ерлер мен әйелдердің еңбекте, қоғамдық және жеке өмірінде қабілеттерін толық іске асыруы үшін саяси алғышарттар мен қажетті әлеуметтік жағдайлар жасауға бағытталған.

Осылайша, жас ұрпақты тәрбиелеу сапасына көбіне оның өмірге деген көзқарасы мен қоғам өмірінің түрлі саласындағы мемлекет саясатына қарым-қатынасы байланысты болады.

Қоғамды неғұрлым инклюзивті және орнықты дамытуды барынша тиімді ынталандыру үшін әйелдердің де, ерлердің де құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту қоғамда гендерлік теңдіктің нақты кешенді пайымын талап етеді.

Билік құрылымдары, жеке және азаматтық сектор өкілдерінің гендерлік теңдік, сараптау және бағалау мәселесіндегі құзыреттілігін арттыру кешенді гендерлік тәсілдерді енгізудің қисынды буыны болуға тиіс екені айқын.

Қазақстан Республикасында гендерлік саясатты іске асыру мынадай қағидаттар арқылы жүзеге асырылатын болады:

1) барлық экономикалық, әлеуметтік, мәдени, азаматтық және саяси құқықтарды жынысына қарамай тең қолдануды қамтамасыз ету;

2) мемлекеттік және қоғамдық өмірде кемсітушілікке, гендерлік ассиметрияға жол бермеу;

3) гендерлік өзін-өзі тануды қалыптастыру және қоғамдағы гендерлік стереотиптерді жою.

      3. Тұжырымдаманың мақсаттары, міндеттері, оны іске асыру кезеңі және нысаналы индикаторлары

      Отбасын қолдау, нығайту және қорғау, отбасы мен олардың мүшелеріне тәни, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына қажетті жағдайларды жасау, ананы, әкені және баланы қорғау мемлекеттік отбасылық саясаттың мақсаты болып табылады.

Қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тепе-тең құқықтарға, пайдаға, міндеттер мен мүмкіндіктерге қол жеткізуі, жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін еңсеру мемлекеттік гендерлік саясаттың мақсаты болып табылады.

Мемлекеттік отбасылық саясат бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешуді қамтамасыз ету қажет:

1) отбасылық саясат саласындағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ оны халықаралық стандарттарға, БҰҰ, ТДМ және ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес келтіру;

2) ерлер мен әйелдердің күтілетін өмір сүру ұзақтығында гендерлік алшақтықтарды жою, сондай-ақ отбасын жоспарлауды қоса алғанда, олардың денсаулығын қорғау үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету;

3) балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, олардың тәни, зияткерлік және рухани дамуына жәрдемдесу;

4) отбасылық өмірдің жағымды үлгісін қалыптастыру, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын арттыру, өскелең ұрпақ тәрбиесін күшейту;

5) әлеуметтік қорғауды қажет ететін, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру;

6) отбасының барлық мүшелеріне қатысты, оның ішінде жыныс белгісі бойынша зорлық-зомбылық фактілерін азайту;

7) отбасына көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік қызметтер сапасын ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін арттыру.

Мемлекеттік гендерлік саясат бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешуді қамтамасыз ету керек:

1) гендерлік саясат саласындағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ оны халықаралық стандарттарға, БҰҰ, ТДМ және ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес келтіру;

2) гендерлік саясатты іске асыру бойынша орталық және жергілікті билік органдарының іс-қимылын тиімді жоспарлау және үйлестіру үшін тетіктер мен жағдайлар жасау;

3) биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің 30% өкілдігін қамтамасыз ету;

4) материалдық активтерге (жер, мүлік, кәсіпорындар, ЖК және басқа) ие әйелдердің үлесін арттыру үшін жағдай жасау;

5) еңбек нарығына, қаржылық және басқа да ресурстарға тең қолжетімділік жасау арқылы әйелдердің экономикаға араласуын кеңейту;

6) әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тетіктері арқылы ауылдық жерлерде әйелдерге нысаналы қолдау көрсету;

7) отбасы және гендерлік саясатты ғылыми-әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету және халықты үздіксіз жалпыға ортақ гендерлік сауаттандыру жұмыстарын жүргізу;

8) ерлер мен әйелдердің орташа жалақысындағы гендерлік алшақтықты қысқартуға септігін тигізетін шарттарды қамтамасыз ету;

9) мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жүйесіне гендерлік тәсілдерді енгізу тұрғысынан сараптау мен бағалау және ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуде оларды есепке алу;

10) бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әйелдердің қатысуын кеңейту.

Іске асыру кезеңдері

Бірінші кезеңде (2017 – 2019 жылдар) Гендерлік және отбасылық саясат тұжырымдамасын іске асырудың 2017 – 2019 жылдарға арналған жоспарында көзделетін отбасылық және гендерлік саясатта қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Екінші кезеңде (2020 – 2022 жылдар) Қазақстанның гендерлік және отбасылық саясатының ұзақ мерзімді міндеттері мен іс-шараларын іске асыруды бастау жоспарлануда.

Үшінші кезеңде (2023 – 2030 жылдар) тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге, өз кезегінде, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік беретін Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясатының ұзақ мерзімді міндеттері мен іс-шаралары іске асырылатын болады.

Нысаналы индикаторлар:

      1. Ерлердің әйелдерге қатысты күтілетін өмір сүру ұзақтығындағы гендерлік алшақтық – 2020 жылға қарай – 8,5 жылды, 2023 жылға қарай – 8 жылды, 2030 жылға қарай – 7 жылды құрайды.

      2. Тіркелген некемен салыстырғанда ажырасқандардың үлесі – 2020 жылға қарай – 32%, 2023 жылға қарай – 30%, 2030 жылға қарай – 25% құрайды.

      3. Репродуктивті жастағы 1000 әйелге шаққанда аборттардың коэффициенті – 2020 жылға қарай – 17,0, 2023 жылға қарай – 15,0, 2030 жылға қарай – 10,0 құрайды.

      4. Әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің төмендеуі – 2020 жылға қарай – 20%, 2023 жылға қарай – 30%, 2030 жылға қарай – 50%.

      5. Балаларға қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің азаюы – 2020 жылға қарай – 20%, 2023 жылға қарай – 30%, 2030 жылға қарай – 50%.

      6. Ерлердің жалақысына қарағанда әйелдердің орташа жалақысының үлесі – 2020 жылға қарай – 70%, 2023 жылға қарай – 73%, 2030 жылға қарай – 75% құрайды.

      7. Материалдық активтері бар (жер мүлік, кәсіпорын, ЖК және т.б.) әйелдердің ерлерге қатысты үлесі – 2020 жылға қарай – 5%-ға, 2023 жылға қарай – 7%-ға, 2030 жылға қарай – 10%-ға ұлғаяды.

      8. Биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі – 2020 жылға қарай – 22%, 2023 жылға қарай – 25%, 2030 жылға қарай – 30% құрайды.

      9. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің үлесі – 2020 жылға қарай – 8%, 2023 жылға қарай – 8,5%, 2030 жылға қарай – 10% құрайды.

      4. Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясатының стратегиясы

      4.1. Отбасылық саясатты іске асыру стратегиясы

      Отбасы денсаулығын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру, отбасылық тәрбие, білім беру және демалыс жүйесін жетілдіру, балалы отбасыларға әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамыту орта және ұзақ мерзімді перспективада отбасылық саясаттың басым бағыттары болады.

Ерлер мен әйелдердің тең әріптестігіне негізделген отбасылық қатынастарды құру арқылы отбасы институтын нығайту

Отбасы мен некенің жағымды бейнесі, отбасылық тәрбие мәселелері мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болады.

Отбасы құндылықтары мен дәстүрлерін ілгерілету, мәдени-ағартушылық, мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру арқылы ұрпақтар сабақтастығын сақтау бойынша жұмыс күшейтіледі.

Отбасы институтын нығайту мақсатында отбасылық қарым-қатынастар, ана мен бала құқықтарын қорғау, балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру саласындағы ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының заңнамасы жетілдірілетін болады.

Даму перспективалары мен бағыттарын айқындай отырып, Қазақстандағы отбасылардың жағдайына жан-жақты зерттеу жүргізу мақсатында отбасылық саясат проблемаларын зерделеу жөніндегі институционалдық құрылымды айқындау мәселесі қаралады.

Әлеуметтік жетімдіктің профилактикасы мақсатында балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқоршылық, қорғаншылық, патронат, бала асырап алу, баланы қабылдайтын отбасы сияқты отбасына берудің балама түрлерін дамыту бойынша жұмыс жандандырылады.

Жанжал болған жағдайда немесе өмірлік қиын жағдайларда медиация және отбасыларды әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметтері дамиды. Психолог-медиаторлар институтын енгізу мәселесі қаралады.

Отбасының тәрбиелік функциясын толыққанды жүзеге асыру мақсатында балалар кинематографиясын, театрларын, әдебиет музейлерін және көрмелерді дамыту шаралары қабылданады.

МЖӘ тетігі арқылы балаларды ерте жастан дамыту және оларға мектепке дейінгі тәрбие беру, қартайған ата-аналарын күту және олардың бос уақытын қамтамасыз ету қызметтерін көрсететін сапалы және қымбат емес ұйымдар желісі дамиды.

Кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар ата-аналар үшін жұмыс уақытын қысқарту мәселесі заңнамалық реттеу шеңберінде қаралады.

Барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, ата-аналардың, оның ішінде жалғызбасты ата-ананың құзыреттілік моделі жасалатын болады. Әкелер институты нығайтылады және бала тәрбиелеп отырған әкелердің құқықтарын іске асыру үшін тең жағдайлар қамтамасыз етіледі.

Жалпыға бірдей орта, кәсіптік және қосымша білім беру мекемелерінде оқу-тәрбие жұмысы процесінде отбасындағы тең әріптестік мәдениеті қалыптастырылатын болады.

Барлық ғылыми және танымал, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын басылымдарда да балалар тәрбиесіне және әлеуметтенуіне ата-ананың тең қатысуының маңыздылығын жариялайтын тұрақты жұмыс істейтін айдар ашылады.

Көзделген мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде отбасыларға кәсіби көмек көрсету саласында (отбасылық ресурстық қолдау, дағдарыс орталықтары, сенім телефондары және т.б.) үкіметтік емес ұйымдардың қызметі жандандырылады.

Отбасы үшін қосалқы қызметтер сапасын арттыру және спектрін кеңейту

Отбасы үшін қосалқы қызметтерді кеңейту кедейлікті және отбасындағы әлеуметтік қолайсыздықты азайтуға бағытталған шаралармен одан әрі жүргізілетін болады.

Жалғыз ата-ананың, көп балалы және табысы аз отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамту және кәсіптік даярлау шараларымен басым тәртіппен қамтылатын болады.

Әйелдердің жұмыспен қамтылуын арттыру үшін 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды кеңейту бойынша шаралар іске асырылады, бұл бала тәрбиесі бойынша міндеттерді еңбек қызметімен байланыстыру үшін жағымды жағдайлар жасайды.

Жүктемесі жоғары отбасылар (жалғызбасты, көп балалы ата-аналар) үшін ата-ана және отбасылық міндеттерін кәсіптік қызметпен біріктіру үшін жұмыспен қамту нысандары, атап айтқанда, толық емес жұмыс күні, икемді жұмыс кестесі немесе үйде жұмыс істеу жағдайларындағы жұмыспен қамту дамиды.

Жұмыс істейтін ата-аналарды қолдау мақсатында мектептерде ата-анасының екеуі де жұмыс істейтін немесе әлеуметтік осал отбасылардың балалары үшін ұзартылған топтар ашу мәселесі қаралады. Балалардың қосымша білім беру қызметтеріне қолжетімділігі артады.

Қатер тобындағы балалар мен әлеуметтік қауіпті жағдайдағы балалар спорттық секцияларға, үйірмелерге және даму бағдарламаларына тартылатын болады.

Халықаралық стандарттар негізінде неғұрлым осал балалардың, жасөспірімдер мен олардың отбасылары арасындағы теңсіздік туралы дезагрегацияланған деректерді жүйелі жинауға, талдауға және пайдалануға негізделген мониторинг жүйесі әзірленетін болады.

Әлеуметтік қолайсыздық профилактикасына бағытталған әлеуметтік қызметтер мен әлеуметтік көмекті ұсынудың интеграцияланған моделі жасалады. Оның аясында білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесінің және басқа салалардың әлеуметтік қызметкерлерінің жұмысын жан-жақты үйлестіру тетігі әзірленеді, ол отбасы қажеттіліктерін айқындауға және мұқтаж азаматтарға “бір терезе” арқылы әлеуметтік қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді.

Ата-аналар үшін балаларды интернет желісінде оларға зиянды ақпараттың таралуынан қорғау бойынша ақпараттық курстар әзірленеді.

Отбасылардың және балалармен жұмыс істейтін мамандардың зорлық-зомбылықтың әртүрлі түрлер туралы білімін арттыруға бағытталған түрлі бағдарламалар дамытыла бастайды.

Репродуктивті денсаулықты сақтау үшін жағдай жасау және күтілетін өмір сүру ұзақтығындағы гендерлік алшақтықты жою

Ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын, балалар мен жастардың денсаулығын сақтау, ана мен баланы қорғау мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар қызметінің басымдығы болады.

Ана мен бала өлімін азайту шараларын іске асыру жалғасады.

Жастардың өз бетінше жүгінуін (ата-аналарының келісімінсіз) 18 жастан 16 жасқа дейін төмендету үшін репродуктивті және сексуалдық денсаулықты қорғау жөніндегі қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесі қаралады.

Бедеулік проблемасын шешу мақсатында заманауи технологияларды қолданумен бедеулікті емдеу әдістері жетілдіріліп, жаңа әдістер енгізіледі. Ол үшін тұрақты негізде бедеулікті диагностикалаудың және емдеудің клиникалық хаттамалары үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып қайта қаралады және репродуктивті медицина саласындағы мамандардың кәсіптік даярлық деңгейін халықаралық талаптарға сәйкес арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады.

Ерлер мен әйелдерді, оның ішінде жасөспірімдерді репродуктивті денсаулықты қорғау жөніндегі қызмет көрсететін мамандар қызметімен қамту кеңейеді. Әрбір амбулаториялық-клиникалық ұйымда, оның ішінде жастар үшін де репродуктивті және сексуалдық денсаулықты қорғау кабинеттерінің (отбасын жоспарлау кабинеттердің) қызметі жалғастырылады.

Халыққа және медицина қызметкерлеріне консультация беру және оқыту арқылы аборттардың профилактикасы және оның санын азайту, халыққа ана болу қауіпсіздігі әдістеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету және дені сау бала туу бойынша іс-шаралар жалғасуда.

Әйелдерді жүктілігі, босануы кезеңінде және бала туғаннан кейін медициналық, әлеуметтік және психологиялық қолдауды жетілдіру, ата-ана болуға, босануға және емшек сүтімен қоректендіруге дайындау жұмыстарының жаңа нысандарын енгізу, босандыруға әкелердің қатысуы бойынша шаралар іске асырылады.

Мүмкіндіктері шектеулі балалардың өмір сүру сапасын сақтау және арттыру, аурулар деңгейін төмендету үшін дене бітімінде және психикалық дамуында бұзушылығы бар балаларды ерте анықтау, уақытында емдеу және оңалту бойынша шаралар қабылданады.

Орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде жасөспірімдер мен жастарды репродуктивті және сексуалдық денсаулықты қорғау, қауіпсіз сексуалдық мінез-құлық, қаламаған жүктіліктің профилактикасы, ЖЖБИ/АИТВ берілудің профилактикасы мәселелеріне оқыту бағдарламаларын кеңейту мәселесі қаралады.

Жастар орталықтары, денсаулық мектептерінің қызметі репродуктивті денсаулықты қорғау және отбасын жоспарлау саласындағы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Саламатты өмір салты орталықтарының қызметі ерлер арасында саламатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру және темекі шегуге, есірткі құралдарына және алкогольге тәуелділіктен арылтуға бағдарланады.

Уролог-андролог мамандарын даярлауға бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарының үлесі ұлғаяды.

Дене шынықтыру және спорт қоғамның ажырамас бөлігі болып, отбасылар үшін жан-жақты, әртүрлі қолжетімді және пайдалы демалыс уақыты ұйымдастырылады.

Жұмыс берушілер жұмыскерлердің дене шынықтырумен және бұқаралық спорт түрлерімен айналысуы үшін жағдайлар жасайды.

Отбасында және балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау

Қазақстан Республикасында зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мемлекеттің басым міндеттерінің бірі ретінде айқындалған. Тұрақты даму мақсаттарының бірі зорлық-зомбылықтың барлық түрін барынша қысқарту болып табылады, ол мемлекеттік саясаттың осы салада сындарлы және нақты шараларын қажет етеді.

Тұрмыстық және балаларға қатысты зорлық-зомбылық профилактикасы саласындағы заңнамалық актілер қайта қаралады. Атап айтқанда әйелдерге қатысты, олардың денсаулығына ауыр зақым келтірілген зорлық-зомбылыққа байланысты істер бойынша бітімгершілік институтын алып тастау, сондай-ақ балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекет жасаған ата-ананың және адамдардың жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр.

Отбасыларда, мектептерде, жабық мекемелерде балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа тыйым салатын заңнаманың іске асырылуына мониторинг жүргізу тетіктері мен құралдары әзірленеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары профилактикалық субъектілерге (денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарына және әлеуметтік қызметтерге) жүгінген кезде олардың лауазымды адамдарының жедел әрекеттерінің бірыңғай алгоритмін әзірлеуге мүмкіндік беретін шаралар кешені қабылданады.

Осылайша, зорлық-зомбылық құрбандарын анықтау тетіктерін жасау, оларды сәйкестендіру және мемлекеттік және мемлекеттік емес секторда дамитын дағдарыс орталықтарындағы білікті мамандарға жіберу жолымен зорлық-зомбылық профилактикасы жүйесін жетілдіру мәселесі қаралады.

Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасыларға, оның ішінде көмек көрсетудің “кедергісіз” өлшемшарттарын қамтамасыз ету арқылы АИТВ-жұқтырғандарға, бұрынғы сотталғандарға, сонымен қатар есірткі пайдаланушыларға қолдау көрсетіледі.

Зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің құрбандарына құқықтық, психологиялық, оңалту және медициналық көмек көрсету жөнінде ақпараттық портал құру мәселесі қаралады. Халықтың осал топтарындағы кемсітушілік және зорлық-зомбылықтың құрбандарының сот төрелігіне, мемлекет кепілдік берген әлеуметтік, құқықтық және басқа көмек көрсетуді қоса алғанда, қолжетімділігі артады.

Зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету жүйесін дамыту, тұрмыстық зорлық-зомбылықты ақпараттық-статистикалық есепке алу жүйесін жетілдіру, құқық қорғау органдарының назарына іліккен немесе отбасы мүшелеріне зиян келтіргені үшін жауаптылыққа тартылған адамдар үшін тиісті психологиялық-түзеу бағдарламалары, тренингтер, психологтар консультацияларын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс жалғасын табады.

Қоғамдық ұйымдар (әкелер, аналар, ақсақалдар кеңесі, қоғамдық кеңестер) зорлық-зомбылық, сондай-ақ ерте жастан некеге тұру әрекеттеріне жол бермеу және болдырмау туралы дін институттары өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тартылатын болады.

Әлеуметтік инновацияларды іздеумен, сынамалаумен, отбасыларға дағдарысқа қарсы қызмет көрсетумен, сондай-ақ зорлық-зомбылық және кемсітушілік құрбандарының сот төрелігіне қолжетімділігіне жәрдемдесумен айналысатын ҮЕҰ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тартылатын болады.

Ата-ананың оң тәрбиесі мен балалардың қауіпсіздігі туралы түрлі бағдарламаларды жетілдіру арқылы отбасылардың және балалармен жұмыс істейтін мамандардың зорлық-зомбылықтың түрлері туралы хабардарлығы және білімі арттырылады.

Балалардың интернат мекемелерінде, балалар үйлерінде, мүгедектер үйлері мен психоневрологиялық диспансерлерде персоналды сапалы білікті іріктеу қамтамасыз етіледі, сондай-ақ интернатты және пенитенциарлық мекемелердегі балалардың, жасөспірімдер мен әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық база жетілдірілетін болады.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз бетінше өмір сүруге дайындау мақсатында олардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру іс-шаралары қабылданады, сондай-ақ қоғамға бейімдеу мен интеграциялауға дайындаудың арнайы бағдарламалары әзірленетін болады.

Балалар мен ересектерді пайдалану және олардың трафигін жоюға жауапты мемлекеттік мекемелердің қызметі адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіріледі.

Прокуратура органдары құқық қорғау және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, интернат мекемелерінде, балалар үйлерінде іс-шаралар өткізеді, олардың барысында жыныстық қолсұғушылық және зорлық-зомбылықтың басқа да нысандары туралы өтініштер мен шағымдарға ерекше назар аударылады.

Бұқаралық ақпарат құралдары (бұдан әрі – БАҚ), әлеуметтік желілер, әлеуметтік жарнама арқылы халықтың зорлық-зомбылықтың барлық нысандарынан балаларды қорғау үшін қолданыстағы мемлекеттік шаралар туралы жалпы хабардарлығы артады.

      4.2. Гендерлік саясатты іске асыру стратегиясы

      Тұжырымдаманы іске асыру әйелдер мен ерлердің жыныстық белгісі бойынша кемсітусіз өмір сүру құқығын іске асыруы үшін жағдайлар жасауға ықпал ететін болады.

Гендерлік теңдік институтын мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жүйесіне, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде де мемлекеттік реттеу және гендерлік әсерді бағалауды енгізу жолымен нығайту

Мемлекеттік органдардың басшылары қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардағы гендерлік теңдік шарттары мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау өлшемшарттары мен көрсеткіштерінің бірі болады.

Мансаптық өсу мен жоғарылауда әртүрлі жынысты мемлекеттік қызметшілердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің сақталуына үздіксіз мониторинг жүргізіледі.

Гендерлік саясат саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган айқындалады және Ұлттық комиссияның институционалдық негізі жетілдірілетін болады.

Мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жүйесіне гендерлік тәсілдер (оның ішінде гендерлік статистика) интеграцияланады болады, әзірленген гендерлік тәсілдер ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу барысында ескеріледі.

Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі уәкілетті органы жынысы бойынша бөле отырып, гендерлік көрсеткіштерді қамтамасыз ету салаларын қамтуды кеңейтеді.

Мемлекеттік органдардың бюджеттерін қалыптастыру кезінде гендерлік бюджеттеуді енгізу мәселесі қаралады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілерді гендерлік бағдарланған бюджеттеу мәселелері бойынша үздіксіз оқыту қамтамасыз етіледі.

Біліммен, жинақталған тәжірибемен және қоғамдық өмірдегі гендерлік теңдік бастамалары саласындағы оң практикамен тұрақты алмасу арқылы халықаралық ынтымақтастық нығайтылады.

“Шешім қабылдау деңгейі” ұғымының құқықтық мәртебесі және жетекші партия органдары мен тізімдерін қалыптастыру кезінде гендерлік теңдік қағидаттары заңнамалық деңгейде айқындалатын болады.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау

Сот практикасында БҰҰ Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның ережелерін қолдануды жандандыру қажет.

Жыныстық белгісі бойынша кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың барлық нысанын болғызбау және жолын кесу саласындағы заңнамалық актілер БҰҰ, ТДМ және ЭЫДҰ-ның халықаралық талаптарына сәйкес жетілдірілетін болады.

БАҚ құралдары, әлеуметтік желілер, әлеуметтік жарнама арқылы зорлықтың барлық түрінен әйелдерді қорғау жөніндегі қолданыстағы мемлекеттік шаралар туралы халықтың жалпы хабардарлығы артады.

Гендерлік кемсітушілік пен зорлық-зомбылық көріністерінің жағдайлары бойынша мониторинг және есептілік тетіктері жетілдіріледі.

Прокуратура органдары ҮЕҰ-ны тарта отырып, тұрақты негізде пенитенциарлық мекемелерде жыныстық қолсұғушылық және зорлық- зомбылық мәніне мониторингтік тексерулерді, сонымен қатар бас бостандығынан айыру орындарындағы әйелдерді ұстау жағдайларына тексерулерді жүзеге асыратын болады.

Әлеуметтік және пенитенциарлық мекемелер жүйесінде қыздар мен әйелдердің кемсітушілік пен зорлық-зомбылықсыз еркін өмір сүру құқықтарын қорғау рәсімдері туралы нұсқаулықтар әзірленіп, жалпы оқыту енгізіледі.

Әйелдерге тиісінше қорғауды, олардың қолсұғылмаушылығы және арын құрметтеуді қамтамасыз ету үшін зорлау, сексуалдық күш көрсету және басқа да зорлық түрлері, сондай-ақ халықтың осал тобына жататын әйелдерге мемлекет кепілдік берген әлеуметтік, құқықтық және басқа көмек көрсету мәселелері бойынша құқық қолдану практикасы зерделеніп, бірыңғай тәсілдер әзірленетін болады.

Денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдарының секторлары арасындағы үйлестірілген іс-қимыл арқылы гендерлік зорлық- зомбылыққа ведомствоаралық ден қою жүйесі әзірленіп, енгізіледі.

Әйелдерге тиісінше зорлық-зомбылық бойынша статистикалық ақпаратты жинау және талдау жүйесі жетілдіріледі.

Кәсіпкерлік қызметке қажетті ресурстардың барлық түрлеріне ерлер мен әйелдердің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндік қамтамасыз етіледі.

Әйелдердің инновациялық, инфрақұрылымдық және жоғары технологиялық мемлекеттік жобалар мен бағдарламалардағы үлесі кеңейеді. Әйелдер бизнесі заманауи және инновациялық қызметтер: коммуникациялық және цифрлық қызметтер, ойын-сауық, туризм және т.б. секторында дамиды.

Жұмыспен қамту және базалық әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік саласында ауылдық аумақтар мен моноқалалардың гендерлік мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін бағалау картасы әзірленеді, ауылдық аумақтар мен моноқалалардың гендерлік мұқтаждықтары мен қажеттіліктері шағын бизнесті қолдаудың басым бағыттарының тізбесімен интеграцияланады.

Кәсіпкерлікті қаржылық қолдау, консультациялық және маркетингтік қызметтерді дамыту арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқыту орталықтарының ауқымды желісінің жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі, шағын және орта бизнесті дамыту шаралары жетілдіріледі.

Әйелдер кәсіпкерлігіндегі кедергілерді, әкімшілік ауыртпалық пен шамадан тыс нормативтік шектеулерді қысқарту саясаты жетілдірілетін болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған ауыл әйелдерін тегін түрде тәлімгерлік іскерлік оңалту мен бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында оқу-тәлімгерлік курстары ұйымдастырылады.

Тұрғылықты жеріне, жасына, мүгедектігі мен мүліктік жағдайына қарай әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен ШОБ субъектілерін мемлекеттік қолдауға тұрақты негізде талдау жүргізілетін болады.

Әйелдер мен ерлердің жұмыспен тең қамтылуы үшін жағдайлар жасау

Халықтың экономикалық белсенділігінің болжамы жекелеген өңірлердің және өндіріс секторларының гендерлік ерекшелігі, сондай-ақ кедейлік мониторингі деректері ескеріле отырып жасалады.

Ұлттық шоттар жүйесіне күту бойынша үй жұмысы, формальды емес сектордағы жұмыспен қамту, үйдегі еңбек, жалдамалы үй жұмыстары бойынша есепке алынбайтын еңбекті өлшейтін гендерлік сезімтал көрсеткіштер кіретін болады.

Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке жәрдемдесу арқылы, оның ішінде, әдетте, ерлер жұмыс істейтін экономика секторларында қолдау көрсетілетін болады.

Гендерлік аспектіні ескере отырып, еңбек режимі және оны қорғау жөніндегі заңнама жетілдіріледі, еңбек жағдайлары жақсартылады, жұмыспен қамтудың икемді нысандарын енгізу және кеңейту мүмкіндіктері қаралады.

Әйелдер еңбегін қолдануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімі қайта қаралады және жұмыс түрлерінің автоматтандырылуына, технологияландырылуына және ақпараттандырылуына байланысты әйелдер денсаулығына қауіп төндірмейтін жұмыс түрлеріне әйелдердің қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.

Кәсіподақ ұйымдары инновациялық, инфрақұрылымдық және жоғары технологиялық мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға тартылған азаматтардың, оның ішінде әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша жұмысты жалғастыратын табады.

Гендерлік сауаттандыруды ілгерілету

Балалық шақтан бастап барлық жас санатындағы адамдарды қамтитын халыққа гендерлік білім берудің және сауаттандырудың дамыған жүйесі жұмыс істейді және ол гендерлік стереотиптерді жоюға ықпал етеді.

Жеке адамның қабілеті мен қызығушылықтарын анықтаудың жаңа технологияларын қолдану арқылы жастарды кәсіптік бағдарлау жүйесі жаңғыртылады.

Отбасы және гендерлік саясат бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын шығару мәселесі қаралады.

Білім берудегі заманауи тәсілдерді талқылау бойынша ғылыми, кәсіби және қоғамдық қоғамдастықтардың барлық дискурстарына гендерлік мазмұн енгізіледі.

Педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесіне гендерлік теңдік бойынша дәрістер енгізіледі.

Мектептердегі әдіскерлік бірлестіктерімен және біліктілікті арттыру құрылымдарының аумақтық филиалдарымен бірлесіп жұмыс істейтін жаттықтырушылар топтарын каскадты оқыту қамтамасыз етіледі.

Гендерлік теңдікке, деректерді жинау мен талдауды қоса алғанда, гендерлік аспектілерді жан-жақты есепке алуға, оның ішінде мемлекеттік шешімдерді қабылдар алдында гендерлік әсерді бағалауға бағдарланған оқыту, біліктілікті арттыру бағдарламалары кеңейтіледі.

Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әйелдердің қатысуын кеңейту

Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мәселелері бойынша шешім қабылдауда әйелдердің қатысуы қамтамасыз етіледі.

Әйелдерге ізгі ниет миссиясын жүзеге асыруды тапсырып, оларды арнайы өкілдер мен елшілер лауазымдарына тағайындау мәселесі қаралады.

Заңнамаға сәйкес бітімгерлік даярлықтан өткендер қатарынан ерікті негізде БҰҰ бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияларының құрамына жіберілетін әскери бітімгершілік контингенттердің (Қазақстан Республикасының ұлттық контингенті) әскери қызметшілері арасында әйелдердің үлесін ұлғайту қамтамасыз етіледі.

Жанжалдардың алдын алуда және шешуде медиация құралдарын кеңінен пайдалану қамтамасыз етіледі.

Қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын өңірлік құрылымдар жанынан белсенді әйелдер мен құқық қорғаушылардан тұратын кеңесші органдар құру мүмкіндігі қаралады.

Жанжалдар жағдайында және олардан кейінгі жағдайларда елімізде де, шетелде де гендерлік зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында, полицейлер, әскерилер, қызметшілер, оның ішінде бітімгерлер үшін гендерлік оқыту жүргізіледі және мінез-құлық хаттамалары қабылданатын болады.

      5. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Тұжырымдаманың бірінші кезеңі кезінде төменде көрсетілген міндеттерді, басымдықтарды іске асыру көзделеді:

1) балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, сапалы орта білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, зерделі, дене бітімі, рухани жағынан дамыған және табысты азамат қалыптастыру; “Мәңгілік Ел” жалпы ұлттық патриоттық идеяның рухани-адамгершілік құндылығын және саламатты өмір салтын нығайту бөлігінде олардың тәни, зияткерлік және рухани дамуына жәрдемдесу;

2) отбасылық өмірдің жағымды үлгісін қалыптастыру, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын арттыру, өскелең ұрпақ тәрбиесін күшейту;

3) отбасының барлық мүшелеріне қатысты, оның ішінде жыныс белгісі бойынша зорлық-зомбылық фактілерін азайту, атап айтқанда, балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасаған ата-ананың және адамдардың жауапкершілігін арттыру; трафикті және балалар мен ересектерді пайдалануды жою үшін жауапты мемлекеттік мекемелердің қызметін адам құқықтары саласындағы халықаралық нормаларға сәйкестікке келтіру; отбасы тұрмысындағы қылмыстық құқық бұзушылық құрамын қылмыстық сипаттан арылтуды қамтамасыз ету – мынадай нормативтік құкықтық актілерді, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу немесе түзетулер енгізу арқылы іске асыру жоспарлануда:

“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау функцияларын жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жобасы;

“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жобасы;

“Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы № 205 Жарлығы;

“Қазақстан Республикасы Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстың профилактикасы, алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі 2015 – 2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы қаулысы.

Жалпы алғанда, Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері мынадай нормативтік құқықтық актілер арқылы іске асырылатын болады:

Халықаралық құқықтық құжаттар:

      1. Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы № 248 Заңымен ратификацияланған Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенция.

      2. 2000 жылға 6 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 4 шілдедегі № 220 Заңымен ратификацияланған Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға факультативтік хаттама.

      3. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91 Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт.

      4. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 21 қарашадағы № 87 Заңымен ратификацияланған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт.

      5. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы № 18-ІІ Заңымен ратификацияланған Әйелдердің саяси құқықтары туралы конвенция.

      6. Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 14 желтоқсандағы № 115-ІІ Заңымен ратификацияланған Құндылығы бірдей еңбек үшін еркектер мен әйелдерге бірдей сыйақы беру туралы Халықаралық еңбек ұйымының № 100 конвенциясы.

      7. 1995 жылғы Пекин декларациясы және Іс-қимыл платформасы.

      8. Дамуды қаржыландыру бойынша үшінші халықаралық конференцияның Аддис-Абеба іс-қимыл бағдарламасы, БҰҰ Бас Ассамблеясының 2015 жылғы 27 шілдеде қабылданған қарары.

      9. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰ арасындағы 2016-2020 жылдарға арналған дамыту мақсатындағы негіздемелік әріптестік бағдарламасы.

      10. 2015 жылғы 28 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында 193 ел қабылдаған, Біздің әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму саласындағы күн тәртібі.

      Қолданыстағы заңнамалық актілер:

      1. Қазақстан Республикасының Конституциясы.

      2. “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Қазақстан Республикасының Кодексі.

      3. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі.

      4. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі.

      5. “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының Кодексі.

      6. “Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      7. “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      8. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне “Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      9. “Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      10. “Білім туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      11. “Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      12. “Мемлекеттік жастар саясаты туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      13. “Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      14. “Дене шынықтыру және спорт туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      15. “Мәдениет туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      16. “Халықты жұмыспен қамту туралы” Қазақстан Республикасының

      Заңы.

      17. “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      18. “Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылуы жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      19. “Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      20. “Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      21. “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      22. “Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      23. “Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      24. “Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      25. “Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      26. “Кәсіптік одақтар туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      27. “Қоғамдық кеңестер туралы” Қазақстан Республикасының Заңы.

      Қолданыстағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттар:

      1. “Қазақстан Республикасында білім беруі және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы № 205 Жарлығы.

      2. “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 176 Жарлығы.

      3. “Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлығы.

      4. “Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы № 874 Жарлығы.

      5. “Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығы.

      6. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары.

      Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының мониторингі оның нысаналы индикаторлары бойынша жүргізіледі. Тұжырымдаманы іске асыруды бағалау қойылған мақсаттар мен міндеттерді орындауға негізделеді.

Тұжырымдаманың ережелерін іске асыру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Іс-шаралар жоспары арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Тұжырымдаманы іске асыру барысы туралы жинақталған есепті Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Президентіне жыл сайынғы негізде ұсынатын болады. Одан басқа, Ұлттық комиссияның отырысында тоқсан сайын орталық және жергілікті атқарушы органдарды Тұжырымдаманы іске асыру бойынша тыңдау жүргізілетін болады.