Қазалыдан шыққан білікті маман

1 433

Фото: Қазалы ауданының әкімдігіГүлмира Жеткергенқызы Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би аулының тумасы. Бүгінде еліміздегі белді жоғары оқу орындарының бірінде білікті оқытушы, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Тұрақты айдарымыздың бүгінгі кейіпкері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультеті Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Өтемісова.

Қазақ тілі білімі салаларына қатысты әртүрлі шетелдік және қазақстандық ғылыми басылымдарда 50-ден астам ғылыми мақала, «Қазақ тіліндегі көнерген аталымдар лұғаты» атты түсіндірмелі сөздігі, ЖОО студенттерінің қазақ бөліміне арналған «Ағылшын тілі» оқу құралы, шетелдіктерге арналған «Қазақ тілі және Ұлттық құндылықтар» атты үштілді оқу құралы, «Көнерген аталымдар сөйлейді» ғылыми монографиясының авторы, ауылдан шыққан ғалым – Гүлмира Өтемісовамен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Гүлмира Жеткергенқызы, алдымен өзіңіз туралы айтсаңыз. Еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Мен 1989-2000 жылдар аралығында №24 Ү.Түктібаев атындағы қазақ орта мектебін өте жақсыға бітіріп, 2000-2005 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетінен «қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі пәндерінің мұғалімі» біліктілігін алдым. Алғашқы еңбек жолымды 2005-2006 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Қазақ тілі кафедрасында Түркия елінен келген студенттерге қазақ тілінен дәріс оқудан бастадым. Осы кезеңдерде сабақ бере жүріп, жинақтаған әдістемелік тәжірибемді «Қазақ тілі түрік дәрісханасында» деген тақырыпта жарияланған мақаламда ашып көрсеттім. 2006 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсіп, «Қазақ тілі» мамандығы бойынша бітірдім. Аспирантура уақытында зерттеу жұмысымен айналыса жүріп, Оңтүстік Кореядан келген студенттерге қазақ тілінен дәріс беріп, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге белсенді ат салыстым. 2009 жылы аспирантура уақытын аяқтаған сәтте Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық универ­ситетінің диссертациялық кеңесінде «Сыр бойы ақын-жыраулары тіліндегі көнерген аталымдардың функционалды-семантикалық сипаты (Ерімбет пен Нұртуған шығармалары бойынша)» деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. Ғылыми жетекшім филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы болды.

2009-2010 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Филология факультеті, Қазақ тіл білімі кафедрасында оқытушылық қызметте жүріп, лексикология, диалектология, сөзжасам пәндерінен дәріс оқыдым. 2010-2011 жылдары Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында қазақ тобына ағылшын тілінен және тәжік тобына қазақ тілінен дәріс жүргіздім. 2011-2017 жылдар аралығында ALMAU-дың Тілдерді дамыту орталығының доценті болып, орыс және ағылшын топтарына мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу, кәсіби қазақ тілі, практикалық қазақ тілі пәндерінен дәріс бердім.

2017 жылдан бері қарай Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Филология және әлем тілдері факультеті, Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті қызметін атқарып келемін. Нақты айтқанда «кәсіби қазақ тілі», «сөз мәдениеті», «практикалық қазақ тілі», «кәсіби бағдарлы қазақ тілі», «мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу» пәндерінен дәріс оқимын. Қазақ тілінің сөзжасам, этнолингвистика, этимология, лексикология, диалектология, терминология, тағы басқа тіл салалары бойынша және тілдің басқа да мәселелеріне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, халықаралық, республика көлемінде ғылыми-теориялық конференциялар мен дөңгелек үстелдерде ғылыми тұжырымдарыммен бөлісіп, қазақ тіл білімінің дамуына ат салысып келемін.

– Мамандық таңдауда кімнің ықпалы болды?

– Мен бала кезден білімге, білгенімді зерттеуге құмар болдым. «Білім – таусылмайтын кен», «Білімді – мыңды жығар» секілді мақалдарды жиі айтып отыратын ата-анам, білім алып, оқып-біліп түйгенімді еркін бөлісіп отыруыма күнделікті мән беретін. Бұл жағдай менің болашақ мамандығыма тікелей әсер етті деп ойлаймын. Ата-анам осы қасиетімді көргеннен болар, «Біздің профессор қызымыз» деп жауапкершілігімді еселеп қоятын. Менің мамандық таудауыма ата-анамның ықпалы мол болды. Себебі біз мектеп бітіретін жылдар, нағыз тоқырауға ұшырап, жоқшылықтың қамытын киген жылдар еді. Бірақ ата-анам сол ауыр кезеңде білім алуыма жан-жақты қолдау білдірді.

– Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінен дәріс бересіз. Олардың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы қалай?

– Тіл – тірі организм. Оны жиі қолданып, дамытып отырсаң ғана, ойың көрікті шығады. Сондықтан өзге ұлтқа қазақ тілін үйрету қажырлы еңбекті талап етеді. Өзге ұлт өкілдері (қытай, кәріс, ағылшын, неміс, украин, ауған, күрт, әзербайжан, түрік, өзбек, түрікмен т.б.) қазақ тілін үйренуге ерекше құлшыныспен келеді. Өйткені оларда анық мақсат бар, қажеттілік бар. Болашақ елшілікте екі елдің арасында қызмет жасайтын мамандар. Әр ұлттың табиғатына сай тілді меңгеру жолы болады. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету арқылы қазақтың ұлттық құндылықтарын меңгерту – басты мақсатым. Қазақ тілі курсын толық аяқтаған өзге ұлт өкілі қазақ ұлтын қазақ тілінде ауыз толтырып сипаттап бергенін көрген сайын бақытты боламын.

– Маман ретінде айтыңызшы, елімізде мемле­кеттік тілдің қазіргі деңгейі қандай?

– Еліміздегі мемлекеттік тілдің қазіргі деңгейін жалпылама айту қиын. Себебі, тіл қолданысы әр аймақта әртүрлі деңгейде. Өзім тұратын Алматыда мемлекеттік тіл – қазақ тілдің қазіргі деңгейі он жыл бұрынғыға қарағанда ілгерілеу бар. Орыс тілді қазақ бойында қазақтың қаны бола тұрып, қазақша сөйлей алмағанына намыстанып, ата-ананың өзі де, балаларын да қазақша үйренуіне ден қойып отыр. Қазір елімізде жаңа қызметке орналасатын кезде қазақ тілін білу міндетті. Бұл – қазақ тілін үйренуге қажеттілік туғызып отыр.

– Қанша тілді меңгергенсіз? Күнделікті өмірде орыс тілін жиі қолданасыз ба?

– Түрік, ағылшын, орыс тілдерін меңгергенмін. Мен бұл тілдерді өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгерту үшін және шетелдіктермен сөйлескенде ғана қолданамын. Тіл тазалығын сақтап, өзге тілмен шұбарламай сөйлеу, жазу – басты ұстанымым.

– Кітап оқуға деген құштарлығыңыз қандай? Кімдердің шығармашылығы жаныңызға жақын?

– Кітап – өмірлік серігім. Қысқа, нақты оқиғаға құрылған шағын әңгімелерді көп оқимын, түйгенімді өмірде мысал ретінде айта жүремін

– Жерлестеріңізге жылы лебізіңіз болса...

– «Қазыналы Қазалы, ортаймаған қазаны» деп марқайып айтатын туған жерімнің берекесі арнасынан асып, ел-жұрты аман болсын, әманда.



















Материал: qazaly.kz сайтынан