Әлеуметтік желідегі пабликтердің бірінде Шымкент қаласындағы Magnum желісіне қарасты дүкендердің бірінді болған келеңсіз жағдайдың видеосы тарады: дүкендегі күріш салынған контейнерде мысықтың нәжісі жатқан. Ал, дәл сол контейнердің үстінде екі мысық отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл видеоның астына пікір қалдырған дүкеннің ресми аккаунты оқиғаны растады.
«Бұл видео халықтың ашуын туыдырғанын түсінеміз. Ішкі тексеруден кейін біз оқиғаның мән-жайын түгел тексердік. Түнде дүкен қызметкерлері тауар қабылдап алған. Тауар қабылданатын аумақтың есігінен екі мысық ешкімге көрінбей кіріп кеткен. Негізінде, біздің дәнді-дақылдар салынған контейнерлеріміздің қақпағы үнемі жабық тұрады. Таңертең дүкенге келген адамдардың біреуі контейнердің бетін ашық тастап кетіпті. Сол кезде контейнердің ішіне мысық кіріп кеткен», - деп түсіндірген дүкен өкілдері.
Мысықтың нәжісі табылғаннан кейін дүкеннің әкімшілігі күрішті төгіп, контейнерді тазалаған көрінеді. Дүкеннің ішін де залалсыздандырып, тауарлардың бәрін тексеріп шыққан.
«Жануарларды қорғайтын волонтерлерге хабарласып, екі мысықты жақсы адамның қолына табыстағымыз келген. Бірақ, мысықтарды таба алмай жатырмыз. Ал, бұндай жағдай бірінші рет басымыздан өтіп жатқан соң, тауар қабылдайтын аумақ, оны қабылдап алған қызметкерлерге қатысты қандай шешім шығаратынымызды білмейміз. Бірақ, амалын табатынымызға сенімдіміз», - деп жазған дүкен әкімшілігі.