Банктен қолма-қол ақша шешуге шектеу енгізілді: Жаңа ереже кімдерге қатысты

2 616

Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда банктік шоттардан қолма-қол ақша шешіп алуға қатысты жаңа талаптар күшіне енді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Аталған ережелер Ұлттық банк, Қаржы министрлігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп қабылдаған қаулы негізінде енгізілді. Қаулыға сәйкес, белгіленген лимиттен артық қолма-қол ақша шешіп алатын кәсіпкерлер оның мақсатын міндетті түрде түсіндіруі тиіс.

Кімдерге қолданылады?

Жаңа талаптар заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге (ЖК) қатысты. Ал қолма-қол ақша алуға ресми түрде босатылған субъектілер бұл талаптарға кірмейді. Мұндай ұйымдардың нақты тізімін Ұлттық банк жеке бекітеді.

Қолма-қол ақша шешуге қойылған лимиттер

Ұлттық банк өткен жылы бизнес субъектілері үшін келесі айлық шектерді бекіткен:

  • шағын бизнеске – айына 20 млн теңгеге дейін;
  • орта бизнеске – 120 млн теңгеге дейін;
  • ірі бизнеске – 150 млн теңгеге дейін.

Белгіленген шектен аспайтын соманы шешіп алу үшін кәсіпкер банкке өтінім береді, банк ақшаны кедергісіз береді.

Лимиттен асқан жағдайда не істеу керек?

Егер кәсіпкер белгіленген мөлшерден артық қолма-қол ақша алғысы келсе, ол келесі талаптарды орындауы тиіс:

  • ақшаны шешу мақсатын растайтын құжаттарды ұсыну (шарт, шот-фактура, инвойс, смета, бұйрық және т.б.);
  • мәліметтерді мемлекеттік органдарға беруге келісім беру;
  • тәуекелдерге қатысты тексеру нәтижесін күту.

Банктің және мемлекеттік органдардың әрекеті

Кәсіпкер өтінім бергеннен кейін банк келесі жұмыс күні сағат 10:00-ге дейін Мемлекеттік кірістер комитетіне мына мәліметтерді жібереді:

  • өтінімнің өзі;
  • лимиттен асатын сома;
  • қолма-қол ақша шешудің мақсаты;
  • компания туралы сәйкестендіру деректері;
  • ұсынылған құжаттар;
  • деректерді беруге келісім.

Мемлекеттік кірістер комитеті келесі жұмыс күнінің соңына дейін банкке жауап береді:

  • тәуекел анықталса – банк ақшаны беруден бас тартуы мүмкін;
  • тәуекел анықталмаса – ақшаны беруге рұқсат етіледі.

Егер үш жұмыс күні ішінде жауап келмесе, банк қолма-қол ақшаны беруге міндетті. Тексеру нәтижесі бір ай бойы жарамды. Ал ақшаны беруден бас тарту себептері жария етілмейді.