Зейнетақылар мен жәрдемақылар мөлшері көбейді

2 545

Фото: gov.kz2026 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі бірден 10% өседі. Базалық зейнетақы 60 мың теңгеге дейін жетіп, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға төленетін төлемдер де айтарлықтай ұлғаяды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

2026 жылдың басынан бастап базалық және ынтымақты зейнетақылар, сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10% ұлғайтылады. Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жұмыстары жалғасады.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына теңестіріліп, 35 596 теңгеге жетеді. Ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 118%-ына дейін өсіп, 60 005 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы азамат 2025 жылы бюджеттен 171 588 теңге зейнетақы алған. 2026 жылғы индексацияны ескергенде, оның зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін артады. Оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге. Бұл сомаға БЖЗҚ төлемдері кірмейді.

Сондай-ақ 2026 жылдан бастап біржолғы және ай сайынғы жәрдемақылар да көбейеді. Осылайша:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 164 350 теңгеге,
  • 4 және одан да көп бала туған жағдайда 272 475 теңгеге дейін өседі.
  • Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы да артады:
  • 4 баласы бар отбасылар 69 330 теңге,
  • 10 баласы бар отбасылар 173 000 теңге алады.
  • Мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. I топтағы мүгедектігі бар адамдар 111 872 теңге, II топтағылар 89 498 теңге, III топтағылар 61 021 теңге алады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10%-ға арттырылады. Мұндай төлемдер мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша беріледі және азаматтың табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі.