Мемлекеттен 250 мың теңгелік грант жеңіп, кәсіп бастаған

153

Халқымыздың ұлттық құндылықтарының бірі – қолөнер, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агентігі.


Оны бірі жай мамандыққа баласа, енді бірі шығармашылық жұмыс ретінде қарайды. Алайда қолөнерді жанына серік етіп, тіпті оны кәсіпке айналдырғандар да жоқ емес. Мәселен, Жалағаш ауданының тұрғыны Жұлдыз Смаханова 4 жыл бойы тігін машинасын жанына серік етіп, кәсібінің жемісін көріп отыр.


"Өмір деген негізі қызық қой, осыдан 5 жыл бұрын «мен тігінші боламын» деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Мектепте география пәнінің мұғалімі болып сабақ беріп жүретінмін. Бірақ іштей ол нәрсе ұнамайтынын сездім. Сонымен 2020-2021 жылы карантин кезінде бетперде тапшылығы болып, ауданда сол өнімді тігіп бастадым. Кейін бұл тігін тігу ісі өзіме ұнайтынын, сонымен айналысу керектігін түсіндім. Осылай тәуекелге бел буып, 2019 жылы мемлекеттен 250 мың теңгелік грант ұтып, алғашқы тігін машинамды сатып алдым. Кейін үйде отырып-ақ кәсібімді бастап кеттім", – дейді кейіпкеріміз. 


«Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін оның қолөнері екені анық. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, көздің жауын алатын ерекше киім үлгілерін тігіп, қазақы нақышты паш етіп жүрген Жұлдыз Абушахмайқызының ісі көпке үлгі. 


Екі жыл бойы кәсібімен үйде айналысқан кейіпкеріміз, 2022 жылы бар жиған-тергенімен аудан орталығынан, өз күшімен арманындағы тігін дүкенін ашқан. Шеберлігінің арқасында көптеген тапсырыс алып, бір адамды жұмыспен қамтитын дәреже жеткен. 


Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Кейіпкердің айтуынша, тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке де тәрбиелейді.


4 жыл бұрын кәсібін бастаған Жұлдыз Смаханова қазір тек қана киім қысқартып емес, балабақша, мектеп оқушыларына арналған топтық киімдер де, тойға арналған безендірулерді де, сонымен қатар тақия тігіп, шашбау сырғаларды да жасап халыққа ұсынуда.


"Менің тігіншілік өнерде кәсіби білімім жоқ. Қызығушылығым артқан кезде 10 күндік тігіншілерге арналған курстан өткенмін. Алайда бұл теорияға қарағанда тәжірибемен келетінін түсіндім. Себебі маған алғаш тігін тігудің қыр-сырын үйретіп, дәл бүгінгідей жетістікке жеткізген Гүлнар апай болды. Себебі өз дүкенімді ашпай тұрып, алғашында тігінші болып Гүлнар апайдың жанында жұмыс жасадым. Киім тігуде біле бермейтін көп дүниені үйрендім. Осы кәсіпті бастауыма себеп болған, алғашқы ұстаз болған да сол кісі деуге болады. Қазір әйтеуір білмегендерімді интернеттен үйреніп, жаңа үлгідегі киімдерді халыққа ұсынуға тырысамын. Тек киімдермен шектелгім де келмейді, сол үшін қыз жасауына керек заттарды, перделерді тігіп те сатып жатырмын. Қызығы, ешкімнің тапсырысынсыз, ойыма бір нәрсе келсе, соны тігіп шығармайынша тыныныш отыра алмаймын. Тігіп болған соң әрі кетсе екі күннен кейін сол дүнием тапсырыс беруге келген адамдарға ұнап, сатып алып кетеді. Бастысы, сол өз ісіңе деген ерекше махаббат керек сияқты. Сол кезде әр істің берекесі болады", – дейді ол.


Иә, тігіншілік, қолөнермен айналысу – бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Жас болса да тігінші болған кейіпкеріміз өзінің сүйікті ісімен айналысып қана қоймай, қолөнерді кәсіпке айналдырған. Кең көлемде жұмыс жасап жатқанына екі жыл ғана болса да, Жұлдыз ханымның өнімдерін іздеп келетін тұрақты тұтынушылары да бар. Қазіргі таңда дүкеніне тек өзі тігіп қойған заттардан бөлек халық сұранысында жүрген ең қажетті заттарды да әкеліп қойған. Сұхбаттасу барысында сатып алушылардың көптігінінен халық арасында сұранысқа ие дүкендердің бірі екенін де аңғардық.


Жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлес қосқан тігінші қажетті құрал-жабдықтар мен тауар, ине, жіптердің барлығын сырттан алдыратынын айтып қалды. Өйткені бізде олардың бағасы біріншіден, қымбат болса, екіншіден, сапасы жағынан ақсап жатады. Алдағы уақытта кішкентайлардың бір күнге ғана киетін қазақы киімдерін бірнеше есе қымбат бағаға сатып алғанша, оны өз қиялымен әсемдеп, өзі тігіп, сатылымға немесе жалға беруге шығаруды жоспарлауда. 


Шынында бүгінде балалардың киімі қымбат. Оны өзімізде тігіп, сату екі есе арзанға түседі екен. Халықпен жұмыстан мол тәжірибе жинаған шебер болашақта киімдерді сызба реттілігімен шығарып, дайын өнімдерді тігуді ойластыруда. Сондай-ақ машина санын көбейтіп, жанына тігінші жастарды тарту мақсаты бар екенін де айтып өтті. Дүкенін кеңейтіп, мерекелік іс-шараларға киетін көйлектер, камзолдар санын арттырғысы да келеді. Әрине бәріне уақыт керек, тігіншінің жанып тұрған көзіне қарап, аз уақытта бұл мақсаттары да орындалатынына сенім арттық. 


Ешкімге қол жаймай, тынымсыз еңбек ету арқылы үлкен жетістікке жеткен Жұлдыз Смаханованың ісіне сүйсініп қайттық. Өмірге төрт бала әкеліп, отбасының жағдайынан бөлек еңбектен қол үзбей жүрген жанның бұл ісі өзгелерге үлгі болары анық.