Украинадағы соғысқа қатысқан 700-ден астам Қазақстан азаматы сотталды

1 570

Фото: Александр Река / ТАССҚазақстанда Украина аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту процесі күрт күшейді. 2025 жылы шетелдік соғыстарға заңсыз қатысу дерегі бойынша 709 қылмыстық іс, ал жалдамалылық бабы бойынша тағы 28 іс қозғалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Медиазонаға сілтеме жасап.

Бұл Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Қазақстан соты айыпталушылардың қай тарапта немесе қандай құрылымда, мейлі ол жеке әскери компания немесе Ресей қорғаныс министрлігі болсын, қызмет еткеніне қарамастан заң алдында бірдей жауапқа тартылатынын нақтылады. Елдің Қылмыстық кодексіне сәйкес шетелдегі соғысқа қатысқандар 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер кісі өлтіру немесе аса қауіпті әрекеттер дәлелденсе, жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін ұласады.

Тергеу материалдары азаматтардың көбіне қаржылық қиындықтар немесе идеологиялық сенімдеріне байланысты соғысқа аттанатынын айғақтайды.

«Сот материалдары қазақстандықтардың әскери қызметке жегілу жолдарын айғақтады. Мәселен, Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істеп жүріп, хабарландыру арқылы келісімшартқа отырғандар кейіннен майдан шебіне аттанған. Енді бір азаматтар нәпақа табу мақсатында әскери қызметке өз еркімен жазылса, кейбір жағдайларда адамдарды күштеп немесе алдау-арбау арқылы соғысқа тартқан деректер дк тіркелген»  деп хабарлады «Медиазона» басылымы.

Сонымен қатар «Хочу жить» қоры Украинада қаза тапқан 270-ке жуық қазақстандықтың тізімін жариялады. Мәліметтерге қарағанда шығынның басым бөлігі 2025 жылы Торецк және Покровск бағыттарындағы ұрыстарда тіркелген. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми ұстанымын білдіріп, мемлекет әрбір азаматтың жеке шешіміне жауапты емес екенін ескертті.

Сыртқы саясат ведомствосы шетелдік қақтығыстарға қатысудың қылмыстық жауапкершілік екенін тағы да еске салып, тек көмек сұрап ресми түрде өтініш білдіргендерге ғана дипломатиялық қолдау көрсетілетінін атап өтті.