7 миллиард теңге бөлінген: Қыста салынып жатқан тасжол ақтөбеліктердің шамына тиді

341

Ақтөбеде 14°C градус аязда асфальт төсеп жатыр. Оны көрген ел "қармен бірге төселген жабындының көктемде еріп кетпесіне кім кепіл" деп отыр. Әкімдіктегілердің өздері де қарашада төселген асфальттың технологияға мүлдем сәйкес келмейтінін жақсы біледі екен. Бірақ соған қарамастан 14 шақырым жолды жөндеуге рұқсат беріпті. Айтуларынша, қазір қазынадан 7 жарым миллиард теңге бөлініп жасалып жатқан жол тек уақытша. Бұл туралы Opennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.


Түнделетіп жанталасып, қар үстіне асфальт төсеп жатқан жұмысшылардың әрекеті ақтөбеліктердің ашуын келтірді. Тұрғындар әкімдік өкілдері осындай сапасыз жұмыстарға көз жұма қарайтынын айтады. Соның салдарынан жаңа төселген жол жылға жетпей шұрқ тесіледі. Ал, ала жаздай тындырмаған тірліктерін, аязды күні қауырт бітіруге тырысқан әкімдіктегілер бұл жолдың талапқа сай емес екенін өздері де біліп отыр. Көше қазылып қойған соң, көлік жүргізушілеріне кедергі келтірмес үшін жұмысты бастап кеттік дейді.

“Геосетка астының негіздемесін дайындап қойған болатын. Сол негіздемесін жоғалтпау үшін бүгінгі күнге уақытша қара шағылтас салынды. Салынған қара шағылтасты көктемде қайтадан алып тастаймыз да, жаңадан дұрысын саламыз. Технологияны сақтап жол қайта салынады”, – дейді Ақтөбе облысы жол басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Әкімдік уақытша жолдың өзіне бюджеттен 7 жарым миллиард теңге бөлген екен. Осынша қаржыға төселген асфальт көктемде алынып, орнына технологияға сай түрі төселеді. Бірақ ол кезде барлық шығынды мердігерлер өз қалтасынан шығарады дейді шенеуніктер. Ал жолдың сапасын бақылайтын мамандар ауа райы 14 емес, тіпті нөл градустан төмен болса асфальт төсеуге мүлдем болмайтынын айтады. Сондықтан қыста мұндай жұмыстарды тоқтату керектігін айтып, Ақтөбедегі жол салумен айналысатын барлық мердігер компанияларға 3 ай бұрын ескерту жіберген екен.

Біз қыркүйек айында барлық тапсырыс беруші мен мердігер компанияға ескерту жібердік. Талап  бойынша асфальт күн жылы, қар-жауынсыз кезде төселу керек. Мұндай жұмыстар кем дегенде бес градус жылы кезде жасалуы тиіс”, – дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" Ақтөбе филиалының зертхана меңгерушісі Рафис Зинетов.

Ал 2018 жылы жобаланған, қыста да төселіп жатқан 14 шақырым жолды жөндеу жұмыстары келесі жылы толық аяқталуы керек.