Сыр өңірінде "Ауыл аманаты" жобасы бастау алды
Ауылдарда халықтың табысын арттыру мақсатында "Ауыл аманаты" жобасы Қызылора облысында бастау алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Биыл өңірде 2,5 пайызбен несие беретін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылады. Микрокредиттер ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жүзеге асырылатын жобаларға қарастырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.
"Ауыл аманаты" жобасы ең алдымен ауылдық жердегі халықтың табысын арттыру бағытына көзделген. Жоба өңдеу саласына қатысты жобаларды қаржыландыру (жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы), өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту және басқа да бизнес жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы - ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды. Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8,0 мың АЕК. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды.
Айта кететін жайт, несие алушыларға бірқатар талаптар қойылады. Несие алушыны жеке кәсіпкер болып тіркелуі тиіс. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы, несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы, құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру, қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу керек, - деді Талғат Тұрсынұлы.