Жергілікті өнімге сұраныс жоғары- қызылордалық кәсіпкер
Жергілікті өнімге сұраныс жоғары,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Жиһаз жасау өндірісі жылдан-жылға дамып келеді. Осыдан он жыл бұрын халықтың басым көпшілігі қажетті жиһазды шетелден тапсырыс арқылы алдыратын. Тіпті отандық шеберлердің туындысына сенімсіздікпен қарайтын. Бүгінде түрлі қиындықты еңсерген шеберлер соңғы технология құралдарымен ел нарығын жаулап үлгерді. Сондай шебердің бірі – жас кәсіпкер Данияр Қожаниязов.
Уақытша жұмысым- бүгінгі кәсібім
- Негізгі мамандығым – мұнайшы. Оқуды аяқтаған соң жұмысқа орналасу үшін қажетті тест тапсырмасынан өтуім қажет болды. Ал ол тесттің нәтижесі 3 ай дегенде дайын болады екен. Содан не керек, бос жүргенім жарамас деп жұмыс іздестіре бастадым. Мұны естіген туыс ағам жиһаз жасайтын фабрикасына жұмысқа қабылдады. Жұмыстың маған ұнағаны соншалық, сол жерде күн-түн демей еңбек ете бастадым. Сөйтіп, алғаш мың теңге жалақыға жұмыс істеуді бастадым. Біртіндеп жалақымды көтерді. Ағамнан жиһаз жасаудың қыр-сырын меңгеріп, бүгінде өз алдыма жеке кәсіп аштым. Қарамағымда 6 адам жұмыс істейді. Бүгінде жеке тұрғындардан бөлек, мектеп, балабақшалардан, кеңселерден көлемді тапсырыс түседі. Тапсырыс берушінің талғамына қарай, жиһазды сапалы етіп жасағандықтан жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Дегенмен бәсекенің жоғары екенін де жасырмаймын. Өйткені өңірімізде жиһаз құрастыратын кәсіпорындар саны артуда. Кәсіпкер болған соң, жаңашылдық іздеп, жаңа жобаларды жүзеге асырып, сұранысты арттыру маңызды. Осы бағытта біршама жұмыстар атқарылды. Бүгінде көп қабатты үйлерге арналған жиналмалы керуетке сұраныс артты. Өйткені қаламызда оны жасайтын мамандар жоқтың қасы. Сол себепті сұраныс қай жерде жоғары, сол бағытта дамуды алдыма мақсат етіп қойдым.
Есепке жүйрік болу маңызды
– Тапсырыстың барлығын өзім қабылдаймын. Біз өндіріске өте көп қаражат жұмсаймыз. Өкінішке қарай материалдық базамыз жоқ. Маңызды жабдықтар елде өндірілмейді, керек жабдықтарды көршілес Қытай мен Ресейден алдырамыз. Отандық компаниялардың өнімдерін де жиі тұтынамыз. Отандық заттардың қытайлық, ресейлік өнімнен сапа жағынан сәл ғана айырмашылығы бар. Болашақта біржола отандық нарыққа ойысуымыз мүмкін. Ол үшін халықты үйретіп алуға уақыт қажет. Негізінен ЛДСП, яғни ағаш жаңқалы плита, сондай-ақ МДФ – орташа тығыздықтағы ағаш талшықты плитадан жасалған материалдарды пайдаланамыз. Тапсырыс алғаннан кейін материалдың өлшемі нақты алынып, станокқа беріледі. Станок оны кесіп, жабыстырып, қайтадан бізге дайындап береді. Одан соң құрау жұмыстары басталады. Осы тұста айта кетерлігі, жаһаз жасаумен айналысам деген жастар есепке мықты болу қажет. Әрбір детальді есте сақтап, түстердің үйлесімділігін таба білу маңызды. Әр миллиметрге мән беру маңызды. Өйткені 3-4 миллиметрдің өзі жиһазды қисық етіп көрсетеді. Мысалы, үсті 2 метр, асты 2 метр 5 миллиметр болып қалса, ол бірден көзге түседі. Одан кейін, әрине шығармашылық қабілет те қажет. Ой-қиялың қаншалықты бай болса, соғұрлым көзтартар түрлі жиһаздарды жасайсың. Ал цехтың жұмысына келер болсақ, шеберхана соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Нәтижесінде әрбір кескін мен пішінді жарты миллиметрге дейінгі дәлдікте өлшеп, кесіп пішеді. Тек дұрыстап бағдарлама жасап енгізе білу қажет. Әр жұмысшының өзіндік міндеттері бар. Бірі өлшеуге шығады, бірі жиһазды сырлайды, құрағыштар бөлек жұмыс істейді. Шамамен бір жиһазға көлеміне қарай, 8-10 күндей уақыт кетеді. Алдағы мақсатымыз – сапа мен табыс көлемін арттыра түсу. Жарнамаға да жиі ақша бөлеміз. Өйткені жарнамасыз кәсіптің тұралап қалу қаупі жоғары. Instaqram парақшамызды да дамытуды жолға қойдық. Әр тапсырысты сәтті аяқтаған соң оқырмандарымызбен бөлісеміз. Нәтижесінде сұраныс артуда.
Қазақстандағы жиһаз жасау өндірісі жыл сайын қарқынды дамып келеді. Кәсіппен айналысуға ниеті бар іскер азаматтар мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер алып, кәсібін кеңейтуде. Өскемен қаласында кәсібін дөңгелетіп отырған Наурызхан Амандос жиһаз өндірісін дамытуда.
- Жиhаздың қандай түрін шығарумен айналысасыз?
- Қазір адамдардың таным-талғамы артып, жайлы өмір сүруге талпынуда. Сондықтан оған сәйкес, дайын тауарды емес, тапсырыспен жасалатын жиһаздың қатты түрін дайындаймыз. Тұтынушылар ғимараттың көлеміне байланысты биіктігі мен еніне қарай тапсырыс береді. Кейінгі жылдары трансформер жиһаздарға сұраныс артып келеді. Жиһазды тапсырыспен өндіретіндіктен, сатып алушының талап-тілегін ескереміз.
Қазақстандағы жиhаз өндірісіне деген бәсекелестік қаншалықты жоғары?
Бізден шығатын жиһаз сапасы жағынан шетелмен салыстырған еш қалыспайды. Тек бір кемшілігі – конвейерлік таспамен жасалатын жиһаз өндірісінің кенже дамуында. Себебі бізде шетелмен салыстырғанда тұтынушы саны аз болғандықтан, ондай жиһаз өндіретін зауытты салудың өзі көп қаражатты талап етеді. Болашақта жиһаз өндіру кәсібі жоғары деңгейге көтеріледі деген сенімім мол.
Қазақстандық жиһаз өндіруші кәсіпорындар әрбір тапсырыс берушінің жеке сұранысы бойынша жиһаз жасап шығаруға дайын
Ол туралы ҚР Жиһаз жасау және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының директоры Қанат Ыбыраев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің және Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетовтың қатысуымен, құрылыс саласындағы сатып алудың жергілікті қамту мониторингі бойынша өткен комиссияның кезекті отырысында баяндады.
Бұл жолы жиынға құрылыс, жиһаз жасау және ағаш өңдеу компанияларының өкілдері қатысты. Шара барысында сөз алған Қанат Ыбраев, отандық жиһаз өндірушілер кепілге қойылған смета құнына кіру үшін, тапсырыс берушілермен бірге оңтайлы нұсқада жұмыс істей алатынын атап өтті. «Бұл эконом немесе премиум стандарт болсын, бәрібір көрші елдерден сатып алғаннан арзанырақ болады. Ақша табу керектігі түсінікті жағдай. Алайда ол ақылға сай жүргізілуі керек. Қажетті материалдарға ақша үнемдеуге болады. Бірақ біз сапалысын сатып алуға тырысамыз. Мысалы, жинақтау сияқты, көптеген техникалық шешімдер бар. Сол сияқты өте қымбат емесін пайдалануға болады», – деп атап өтті ол.
Салалық бірлестіктің басшысы қазақстандық жиһаз өнімдерінің шетелдерде үлкен сұранысқа ие екенін атап өтті. Мысалы үшін, олар Қытайда 1000 пәтерлі үйді жиһазбен қамтамасыз еткен. Қатарында Ресей, Италия сынды елдер бар, халықаралық көрмелерде бірнеше рет жеңіске жеткен.
Өкінішке орай, Қанат Ыбыраевтің айтуынша, көпшілігі жиһаздарды өзімізден емес, өзгеден сатып алуға құмар.
«Мен жақында 24-ке тарта қонақ үй кешенін салушыларды араладым. Олар жиһазды Малайзиядан, енді бірі Сингапур, Қытайдан алып келгісі келеді. Өзара түсіністік мүлдем жоқ», – деді қауымдастық басшысы.
Ол баршасын жергілікті жиһаз өндірушілерді қолдауға шақырды және де жиһаз жеткізушілерді жақсылап таңдауға кеңес берді. Өйткені, отандық тауар өндірушілердің атын жамылып шетелдік жиһаздарды өткізетіндер бар.