80 млн теңге пара бермекші болған шымкенттік шенеуніктер тергеле бастады

333

Тамыз айында Шымкент қаласы Мәдениет басқармасының лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады деген күдікпен ұсталған болатын. Осыған қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жауап берді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.


Экспресс К тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сауал жолдаған болатын. Агенттіктің баспасөз қызметі сауалымызға жауап берді.

"Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Олар бюджет қаржысын жымқыру дерегімен тіркелген қылмыстық істі тоқтамға алу үшін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деп күдікке ілінді", — делінген агенттіктің жауабында.

Қазіргі кезде аталған лауазымды тұлғалар ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес күдікті ретінде ұсталған. Іс бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп, тиісті процестік шешім қабылданатыны айтылған.

Бұған дейін 11 тамызда сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының шенеуніктері "80 миллион теңге көлемінде пара бермек болды" деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Олардың мәліметінше, басқарманың үш лауызымды өкілі уақытша қамау қапасына жіберілді.