Қайырымдылық шараларына белсенді атсалысқан азаматтарды марапаттау шарасы өткізілді
264
Бүгін облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы М. Қазбекованың қатысуымен Құрбан айт мерекесінде қайырымдылық шараларына белсенді атсалысқан азаматтарды марапаттау шарасы өткізілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға қайырымдылық қорлардың жетекшілері мен жеке шаруа қожалықтарының директорлары және белсенді еріктілер қатысты.
Азаматтарымыздың көмегімен Құрбан айттың үш күнінде аймақтағы әлеуметтік жағдайы төмен 7 262 отбасыға 4 түйе еті, 189 ірі қара еті, 1362 қой еті, 101 ешкі еті, 62 азық-түлік қоржыны және 18 мекемеге (балалар үйі, аурухана, қарттар үйі т.б.) көмек берілді.
Ерекше атап өту керек, «Ел-Арай» қайырымдылық қорының демеушілігімен 50 ірі қара құрбандыққа шалынып, Қызылорда қаласындағы тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға ет таратылды.Қармақшы ауданының кәсіпкерлері мен мешіт жамағаттарының демеушілігімен Жосалы кентінен тұрмысы төмен көп балалы Е.Қамысбаевтың отбасына үй берілді.
Қызылорда қаласында «Алтын орда» құрылыс маркетінің директоры Ринат Рысұлы құрбандыққа 100 қой сойып, церебральды сал ауруымен ауыратын және жалғыз басты көпбалалы 250 отбасына қайырымдылық көмек берді.
Бұдан бөлек, облысымыздың әрбір ауданында ауқымды қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға ет және азық-түлік үлестірілді.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы М. Қазбекова қайырымдылық көмек көрсеткен жандарға ризашылығын білдіріп, игі істе белсенді атсалысқан азаматтарды облыс әкімдігінің және облыстық қоғамдық даму басқармасының «Алғысымен» марапаттады.