"22 мың доллар". Шымкенттік бас полицейдің қол сағаты жұрттың назарына ілікті

435

Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы тағы да желі қолданушыларының талқысына түсті. Бұл жолы оның қолындағы сағат көптің назарын аударды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Полиция департаментінің бастығы Facebook парақшасы арқылы қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, қызметтік формамен отырған фотосын жүктеді.

Журналист Михаил Козачковтің көзі генералдың қол сағатына түскен. Бұл туралы ол Telegram-каналында жазды. Оның мәліметінше, бұл сәнді сағаттар алғашында ресми дүкендерде 22 мың доллардан сатылған. Қазіргі курспен есептегенде шамамен 10 миллион теңге.

Генералдың қолында Ulysse Nardin Executive Dual Time Rose Gold сағаты. Қазір шығарылмайды. Бұрындары ресми дүкендерде орта есеппен 22 мың доллардан сатылған. Ал бүгінде мұндай сағатты (жаңасын емес) 15-ке (15 мың АҚШ доллары: ред) алуға болады,
— деп жазды автор.

Бұдан өзге журналист "Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментіндегілер генералдың қолындағы сағат бойынша тексеру жүргізер ме екен?" деген сауал қойды.

Бұл жазбасы оқырмандар арасында қызу талқыланды.

"Мұндай сағаттар Қазақстанда сатылмайды. Бұл жай ғана Қытай жасап шығарған көшірме", "Швейцариялық сағаттар уақытты емес, адамның статусын көрсетеді", "Мүмкін несиеге алған шығар?", "Сағатты базардан 1,5 мың теңгеге алған", "Ертең-ақ достарым туған күніме сыйлаған деп шығады", "Тақыр кедей генералды қай елден көрдіңіздер?", "20 мың доллар аса көп ақша болмай қалды қазір. Шекара ассаң, бір аптада жоқ болады" деп жазды оқырмандар.