«Жасыл энергетикаға» инвестиция салуға ниетті

146
Осыдан бір айдай уақыт бұрын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың және облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың қабылдауында «Fortescue Future Industries» компаниясының өкілдері болды. Бұл – «жасыл энергетика» саласына инвестиция салуға ниетті аустралиялық компания. Кездесу барысында жаңғыртылатын энергия өндірісін, Қазақстандағы және өңірдегі жасыл өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен қатар, Сыр өңірі Иран Ислам Республикасымен де ынтымақтастық орнатуға бейілді. Осы жылдың тамызында Иранның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабердің облысқа арнайы іссапармен келуі – соның дәлелі. Кездесу барысында елші облыс әкімімен кездесіп, аймақтың инвестициялық әлеуетін, атап айтқанда, жүгері егу, жылыжай кешендерін салу, мал өсіру және ет өңдеу жобаларын жүзеге асыру бойынша мәселелерді талқылаған еді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Иранның арасындағы сауда қатынасы жыл сайын қарқынды дамуда. Иранға Батыстық санкциялардың салынуы Тегеранға сатылатын тауар түрлерін азайтты, алайда азық-түлік пен әлеуметтік қажеттілікке арналған тауар түрлерін саудалау мүмкіндігі ашық. Қазақстан Иранға астық, сұлы, арпа өнімдерін сату бойынша көшбасшы елдің бірі саналады. Ендігі таңда қой етін жеткізу бойынша жоспарды еселеп арттыру тұр.

Өткен маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға барып, келіссөздер өткізді. Қазақстан Иран елімен сауда қатынасын арттыру жағын қарастыруда. Ол үшін екі түрлі маршрут іске аспақ. Бірінші бағыт Каспий арқылы су жолы болса, екінші бағыт «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржолы.