Басшысынан балағат сөз естіген «Қазфосфат» жұмысшылары наразылыққа шықты

301
Таразда «Қазфосфат» мекемесінің жұмысшылары басшылыққа қарсы наразылыққа шықты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



23 қарашада Таразда "Қазфосфаттың" жүздеген жұмысшысы наразылыққа шықты. Бұл жөнінде зауыттың аты-жөнін атамаған жұмысшылары хабарлады. Бұған қоса, әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарады.

Зауытта оператор болып жұмыс істейтін аты-жөнін атағысы келмеген жұмысшы Азаттыққа зауыттағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы өте нашар екенін, еңбек қауіпсіздігі сақталмайтынын айтты. Ал 23 қарашада кәсіпорын басшыларының бірі Ресей азаматының "қазақтарды балағаттауы" наразылықты тұтандырып, жұмысшылар "шыдамының ең соңғы тамшысына айналған". Ақпаратқа қарағанда, сәрсенбі күні кәсіпорынның жүздеген жұмысшысы зауыт кеңсесі алдына жиналып, талаптарын айтқан.

Ереуілдің нақты нешеде басталғанын айта алмаймын. Жұмысқа келген кезде ғимарат сыртында шамамен 400-500 адам тұрғанын көрдім. Жұмысшылардың негізгі талабы - айлықты өсіру, - деді ол.


Ақпаратқа қарағанда, басшылардың бірі Ресей азаматы жұмысшылар "аппараттардың біріне шағымданған кезде" "қазақтарды балағаттаған". Бұдан соң жұмысшылар "көтеріліп", кеңсе алдына жиналған. Әлеуметтік желіде жұмысшыларды сабырға шақырған, "балағаттаған" басшыны жауапқа тарту жөнінде видеолар жарияланды.

Журналист Нурадин Рақай Фейсбук парақшасында ашуға мінген жұмысшылардың бірінің "Қазфосфатқа" қарасты цифрлық транформация басқармасының басшысы Олег Куликовқа ұмтылғаны жайлы видео да жариялады. Видеода полицейлердің оларды ажырата бастағаны көрінеді.

Әлеуметтік желіде жарияланған тағы бір видеода униформа киген көп адамның "Қазфосфат" деген жазуы бар ғимарат аумағында тұрғаны, қызметкерлердің оларды сабырға шақырып тұрғаны көрінеді. Айналада қалқан ұстаған арнайы жасақтың тізіліп тұрғаны да байқалады. Жұмысшылардың сөзінше, басшылық "халық көтеріліп кете ме" деп қорыққан. Бұл жаққа кемінде 12-15 көлікпен арнайы жасақ әкелінген. Оқиға орнына Тараз әкімі, прокуратура өкілдері келген.

Ақпаратқа қарағанда, 23 қарашада ереуілден кейін жиналыс болған. Оған әрбір цехтан бір-бір жұмысшыдан қатыстырылған. Онда айлықты өсіру, жұмыс зияндығы туралы төлемақыны қайтару, арнайы киіммен қамтамасыз ету, кәсіподақ, іс-қағаздардың қазақша жүргізілмеуі және өзге мәселелер қозғалған.

Кәсіпорында аппаратшы болып істейтін жұмысшының Азаттыққа айтуынша, жұмысшылардың орташа жалақысы 160-170 мың теңге. "Өткенде көзбояушылық ретінде сәл қосқанмен екі айдан соң қайта қысқартып тастаған". Оның айтуынша, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы бірнеше ай бұрын да көтерілгенмен нәтиже болмаған.

Зауытта жағдай өте нашар. Былай қарасаңыз, айлықты 8-10 мың теңгеге көтереді. Ал қымбатшылықпен салыстырғанда дым болмай қалады. Технологияның бәрі ескі. Істеу мүмкін емес. Талап көп, ал жұмыс істеуге ешқандай жағдай жасалмаған, - деді жұмысшы.


Жиналыста басшылық талаптарды қарастыратынын мәлімдеген.

Жамбыл ауданы әкімдігі түстен кейін Фейсбукта оқиға жөнінде қысқа хабарлама таратып, "ұлтаралық мәселе туындамағанын" айтты.

Ресей азаматы жұмысшылардан кешірім сұрады және жұмыстан босатылды. Сондай-ақ жұмысшылардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлері бойынша жұмысшы топ құрылып, зерделеу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Ұлтаралық мәселе болмаған. Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, -  деп жазылған хабарламада
.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, сағат 14:30-дағы жағдай бойынша наразылар зауыт аумағынан тарап кеткен.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, зауытта шамамен 5-6 мың жұмысшы істейді. Тараздың өзінде "Қазфосфаттың" 30 шақты цехы бар.