АУДАН ӘКІМІ АСҚАРБЕК ЕСЖАНОВ: "ХАЛЫҚ - БІЗДІҢ АТА-АНАМЫЗ"

213

Бүгін Мәдениет және өнерді дамыту орталығында аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы кент тұрғындарына биылғы жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы міндеттерге тоқталды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

-Халық - біздің ата-анамыз. Біз халықтың баласымыз. Біз ата-анамызға не қажеттігін білеміз. Сол секілді тұрғындардың да барлық қажеттіліктерін қолымыздан келгенше орындап, тікесінен тік тұрып қызмет етуге дайынбыз,-деді аудан басшысы кездесуде

Жалағаш кентінде  «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы, инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. 

Конституция, Н.Әпрезов көшелеріне орташа жөндеу жүргізілді. Жалағаш кентіндегі көпқабатты 5 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Мәдениет және өнерді дамыту орталығы, аудандық қаржы бөлімі, "Ақмаржан", "Күншуақ" және №19 санаториялық бөбекжайы, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйіне газдандыру жұмыстары жүргізілді. 

Кенттегі Қазыбек би көшесін жарықтандыру, "Ақтерек" учаскесін электр желілерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. 
Биыл кентте демеушілер есебінен балалар ойын алаңдары пайдалануға берілді. 
Ғ.Мұратбаев көшесінде Жалағаш кентіндегі балалар ойын алаңы салынуда. 

2023 жылы Мысық би, А.Бектібаев, І.Нұркенов, И.Панфилов, М.Шәменов көшелері күрделі жөндеуден өтсе, Қ.Сәтбаев, Е.Құрманбаев, ПМК-9, Ә.Нұрғалиев, Шоңбай ақын, Сәрке батыр көшелерінде тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Өмірбай шешен көшесінің Н.Мырзалиев пен Қалыбаев көшелерінің аралығы ашылып, тас төселетін болады. 

Келесі жылы М.Байтөреев, А.Ізтелеуова, Бұқарбай батыр көшесінің шығыс бөлігі, Б.Алтынбаев, А.Байсопақов, С.Сейфуллин, М.Мәметова көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау сметалық құжат әзірленеді.
Аудандық бюджеттен Тоғанас батыр, Б.Сопбеков, А.Бисенов көшелері жарықтандырылады. Биыл бағаналар орнатылса, келесі жылы электр сымдары жүргізіліп, жарықшамдар орнатылады.

Жалағаш кентін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 3 жерге насостар орнатылады.
 
Тұрғындар үшін тағы бір қуанышты жаңалық Жалағаш кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысының мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. 

Жалағаш кенті тұрғындарымен кездесу барысында Қартаңбай Алмұратов Б.Сопбеков көшесінің архитектурасы туралы ұсыныс білдірсе, Бақытбек Жүргенбаев кадр мәселесінің өзекті екенін  айтты. Кент тұрғыны, медицина саласының ардагері Қанымкүл Шаханова аудан әкімінің жұмысына оң бағасын білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Ал теміржол саласының ардагері Үрліхан Әбдіғаппарова кенттегі жасөспірімдер арасындағы қоғамдық тәртіп бұзушылық туралы, Базарбай Наурызбаев Ақсу жолына газель көлігін жүргізу туралы, Айдос Еспанов ауданның бюджеті, кәсіпкерлік саласы, кәріз жүйесіне қатысты сұрақтар қойды.

Асқарбек Есжанов барлық сұрақ қоюшыларға заңдылыққа сәйкес жауап берді. Тиісті бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырма беріп, өзінің тікелей бақылауында  болатынын айтты. Кадр мәселесіне қатысты сұраққа ұсынысты зерттеп зерделейтінін, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа қатысты сұраққа аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғат Лекеровке аудан көлемінде құқық бұзушылықтың орын алмауын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Ақсу ауылына газель көлігін жүргізу мәселесіне қатысты сұраққа аудан әкімдігінің құзырына кірмейтінін, дегенмен жеке кәсіпкерге өтініш айтып, мәселені шешу бағытында жұмыстар жүргізілетінін айтты. Ал бірқатар тұрғындардың көкейіндегі негізгі мәселе мал жайылымы, кенттегі тазалық жұмыстарына қатысты әрбір адам тазалықты өзінен бастау керек екендігін, сыртқа қоқыс тастамай, арнайы мекемемен келісім-шартқа отырып, қоқыс жәшігін қойдыру қажеттігін айтты. 

Кәріз жүйесі туралы сұраққа аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы кәріз жүйесі тек қана медициналық мекемелерге ғана емес, орталықтандырылған кәріз жүйесін аудан тұрғындары да пайдалану үшін жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.