Қызылордада 274 млн теңгенің өнімін заңсыз тасымалдаған кәсіпкер сотталды

205
Қызылорда облысында мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаған кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.



Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті шығарылу заңдылығын растайтын құжатсыз мұнай өнімдерін тасымалдау, иемдену және өткізуге қатысты қылмыстық іс тергеуін аяқтады.

Кәсіпкер әйел 2017 жылдан бастап мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ондаған мекемемен дизель сұйық отынын жеткізіп беруге келісім-шартқа отырған. Алайда 2019 жылдан бастап 2022 жылдың мамыр айына дейін 28 мемлекеттік мекемеге, 1 заңды және 2 жеке тұлғаға заңсыз жолмен дизель сұйық отынын тасымалдап, заңсыз жолмен табылған мүлікті заңдастырған. Заңдылығын растайтын құжатсыз тасымалданған сұйық отынның жалпы сомасы 274 млн 36 мың теңгені құрайды, - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.

Аталған заңсыз іс-әрекет ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы және 218-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен сараланған.

Сотқа қылмыстық іс түскеннен кейін сотталушы кінәсін толық мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісім жасауға өтініш білдірген. Сондай-ақ, өз кінәсін толықтай мойындап, өкінетінін білдірген. Тағайындалған жазамен келіскен,- деді департаменттен.

Ведомство мәліметінше, Жалағаш аудандық сотының үкімімен кәсіпкер әйелге 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оған аталған уақытқа пробациялық бақылау белгіленді.