Шымкентте 5 айдан бері контейнерде тұрып жатқан көпбалалы отбасы жанайқайын айтты

431

Фото: видеодан скриншотШымкентте үйіндегі газ баллоны жарылғаннан кейін баспанасыз қалған көпбалалы отбасы бүгінде темір контейнерде өмір сүріп жатыр. Жанұяда жалғыз жұмыс істейтін отағасының жұмыссыз қалуы жығылғанға жұдырық болған.


Көпбалалы отбасының үйіндегі газ баллоны осы жылы қаңтардың жетісі күні түнгі сағат үште жарылған.


 Ерлі-зайыптылардың сөзінше, сол кезде дереу жеткен шенеуніктер көпбалалы жанұяға барынша көмек көрсетеміз, күзге дейін үй де тұрғызып береміз деп сөз берген екен. Бірақ содан бері бар жасаған жақсылығы – ақпан айында 20 текше метр газоблок түсіріп беріпті. Онысы да үгітіліп жатқанға ұқсайды. 


Қазір алты қызы бар ерлі-зайыптылар контейнерде тұрып жатыр.


 Олар тар контейнердің іші қыста суық, жазда қапырық екенін айтады. Десе де, амалы болмаған соң темір контейнерде тұруға мәжбүр екендерін жеткізді.


"Жаңағы әкімдер кеп үш күнде бұзып таста деді, мына жерден бір затыңды алмайсың деді. Бәрін шығарып таста, бәрін жаңадан, өзің жаңа там соғып аласың деді. Солардың сөзіне сеніп, бәрін бұзып, шығарып тастадым. Енді далада отырмыз, міне. Шынымды айтсам, қиналып кеттім. Жүрегің ауырады. Қыздарымның бәрі контейнерде, ыстық жерде терлеп жатыр", - дейді отағасы Қуаныш Сұлтанов. 


Ер адам ауладағы үш қойдың және оншақты тауықтың арқасында күндерін көріп отырғанын да атап өтті. Себебі, өзі де жұмыссыз қалған. Ал жұбайы өз үйлері болмаған соң балаларға сабақ оқу да қиынға түскенін жасырмайды. 


"Тым құрыса өзіміздің үйіміз болса, отыратын. Столда отырып жазып, сабағын оқитын еді. Өзіміздің үйіміз болмағаннан кейін мына жерде қысылып, біреуі сабақ оқып жатса, екіншісі күтіп тұрады", - дейді көпалалы ана Айгүл Тамтаева. 


Қиын жағдайда қалған отбасына көмектесу міндеті Шымкент қалалық құрылыс басқармасына жүктелген. Олар алты баласы бар отбасыны уақытша баспанамен қамту керек болған. Бірақ олар отағасы Қуаныштың телефонын көптен бері көтермейтін көрінеді.
 Ал телеарна тілшілері телефон шалғанда қаржылай көмек бергендерін айтқан. Алайда қашан және қанша сома екенін айта алмаған.