Алматылық тұрғын жалдамалы пәтерде газға уланып өлмек болған

240
Алматыда ішімдік ішіп алған ер адам газбен уланып, өз-өзіне қол салмақ болды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Алматы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Төтенше жағдай Медеу ауданында болды. Полицияның кезекші пультіне Уәлиханов көшесінде орналасқан үйлердің бірінің кіреберісінде түтін шыққаны туралы ақпарат келіп түскен.

«Ең алдымен, патрульдік полиция жасағы мен келген учаскелік инспектор үй тұрғындарын шұғыл эвакуациялауға кірісті. Пәтерлердің бірінің балконында қолында пышақ ұстаған ер адам өз-өзімді өлтіремін деп айғайлаған. Абырой болғанда, патруль мен учаскелік полиция қызметкері ер адамды құтқарып қалды. Өзін өлтіруге жол бермеді. Кейін белгілі болғанындай, ішімдік ішіп алған алматылық өзін улап өлтіру үшін газды ашып тастаған. Уақытылы берілген дабыл мен қабылданған шаралардың арқасында қайғылы жағдайға жол берілген жоқ», – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.
 

«Белгілі болғандай, ер адам бұл пәтерді бір тәулікке жалға алған. Ойластырылған жоспарды іске асыру үшін әдейі алған болуы мүмкін»,- дейді полиция өкілі.