Елімізде 42 мектеп лицензиясыз білім берген

994
Қазақстанда 42-ге жуық білім беру ұйымдары лицензиясыз жұмыс істеген, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Тексеріс нәтижесінде 2022 жылдың соңында 56 мектептің лицензиясыз жұмыс істегені белгілі болды. Олардың 40-қы мемлекеттік, 16-сы жекеменшік.

Лицензиясыз жұмыс істеп келген мектептердің ең көбі Астана және Алматы қалаларына, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Маңғыстау және Жамбыл облыстарына тиесілі.

Қазір 11 мектеп білім беру қызметіне лицензия алған. Үш мектептің материалы соттың қарауында жатыр. 42 мектепке қатысты сот лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл салу туралы қаулы шығарды.

Заңнамаға сәйкес, барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы керек. Мектепке білім берумен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап қана беріледі. Лицензияның жоқтығы мектептің жарамдылық тексеруінен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Лицензиясыз мектептер білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды, яғни негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды бере алмайды. Лицензиясыз жұмыс істейтін мектептерге қатысты министрліктің аумақтық департаменттері әкімшілік іс қозғады. Бүгінгі таңда сот шешімімен 42 мектепке лицензиясыз білім беру қызметін жүргізгені үшін айыппұл салынды. Егер мектеп заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жұмысын тоқтатады, — деді Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауенов.

Мектептер жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Министрлік облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне және білім басқармаларының басшыларына мектептердегі құқық бұзушылықтарды жою үшін шаралар қабылдау туралы ресми хат жолдады.