«Әкімдік бәрін біліп отыр» - 517 млн теңгенің тауары жоқ екенін айтқан есепші жұмыстан қуылған
852
Жамбыл облысындағы «Тараз» ӘКК тұрақтандыру қорына жүргізілген тексеріс кезінде 517 млн теңгеге сомасына азық-түлік жетіспейтіні анықталды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Гүлмира Мүслімова 2021 жылдан бері «Тараз» ӘКК бухгалтері болып жұмыс істеген. Оның айтуынша, өткен жылдың соңында мекемеге қарасты өңірдің тұрақтандыру қорына инвентаризация жүргізу кезінде 517 млн теңгенің тауары орнында болмай шыққан.
«Мекеме басшылығының бұйрығына сәйкес, жылдың соңында мүлікті түгендеп – инвентаризация жасауымыз керек. 2022 жылдың 20 желтоқсанында бұйрық шығып, комиссия құрылды. 29 желтоқсан күні комиссияның бір бөлігі қоймаларға барғанда қордағы азық-түліктің жетіспейтіні анықталды. Бірақ ол кезде ешқандай акт толтырылмаған. Өңірлік тұрақтандыру қорының басшылығы 5 қаңтарда келіп "қайта тексеріңіздер, оған дейін барлық құжаттарды жасаймын" деген. Бәрін сөзіне сендірген соң, акт толтырылмады», - деп сөзін бастады.
Сондай-ақ Гүлмира Мүслімова 2023 жылдың қаңтарында мекеменің ішкі аудиті де тексеріс жүргізгенін айтты.
«Тексеріс келгенде барлық құжат мен инвентаризациялық жазбаларды сұратты. Біз "инвентаризация жасамадық, міне бұйрық" деп көрсеттік. Бұйрықтың мерзімі 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп көрсетілген. "Олай болса комссияны жинаңдар, біз бірге кіріп инвентаризация жасаймыз" деді. 2023 жылдың 23 қаңтарында ішкі аудитпен бірге қоймаларға барғанымызда 517 704 538 (теңге – авт.) сомасы жеткіліксіз екенін анықталды. Яғни, осы уақытқа дейін ешқандай құжат, хаттамалық шешім де жасалмаған», - деді ол.
Экс-бухгалтер көбіне ұнның жетіспей тұрғанын атап өтті.
«Тұрақтандыру қорындағылардың айтуынша, ұн наубайшыларға берілген. Елімізде 19 өнімнен тұратын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімі бар. Дүкендегі нанның бағасын ұстап тұру үшін ұнға ақша бөлінеді. Мәселен, ұн 190-200 теңгеден алынып, наубайшыларға 130 теңгеден сатылады. Сөйтіп қаладағы нанның бағасын 100 теңгеден ұстап тұрамыз. Наубайшыларға бердік дейді, бірақ оны растайтын бірде-бір құжат жоқ. Бұрын наубайшымен келісім жасалып, онда қанша тонна ұн алатынын көрсетілетін еді. Көрсетілген көлем сомасының 100 пайызы төленген соң ғана құжаттармен қоса тауарды беріп келдік», - дейді Гүлмира.
Сондай-ақ биыл ақпаннан бастап мекемедегі қызметінен кеткен бухгалтердің айтуынша, өңірдегі тұрақтандыру қорына Арман Түймебаевтың басшы болып келуімен тауарды өткізу тәртібі өзгерген.
«Соңғы басшының келуімен бәрі өзгерді. Алдымен тауарды беретін қылып қойды. Кәсіпкерлер тауарды алғаннан кейін 10 күн өткен соң ғана төлейтін болды. Олар оны ешқашан төлемейді. Нәтижесінде бюджеттің ақшасы қайтып келмейді. Одан кейін айналым схемасы дегенді шығарып, ақша беретін болды. Келісім жасалып, займ ретінде ақша беріледі. Оның жылдық пайызы – 0,01. Мәселен, бір тауарға береді, айталық сұйық май деп алайық. Бүкіл қала дүкендеріне біз берген бағамен сатып отыруы керек. Тұрақтандыру қорынан берілген мұндай займ сомасы миллиардтан асады. Таразда тұрақты алатын бес жеке кәсіпкер бар, негізі оның бәрі бір адамға тиесілі. Жеткізудің барлығы тек сол фирмалар арқылы өтеді», - деп қосты ол.
Айта кетейік, Гүлмира Мүслімова «Тараз» ӘКК-дегі бұл мәселе жөнінде құзырлы органдарға хат жолдаған. Сондай-ақ хаттың бір көшірмесін ҚР Президент әкімшілігіне жібергенін және онда бірнеше фирманың аты көрсетілгенін айтады.
«Неге ол фирмамен жұмыс істейді. Өйткені сол фирма арқылы қолма-қол ақша жасайды. Тұрақтандыру қорының ережесі бойынша, тауарды өндірушіден алуымыз керек. Мәселен, ұнды кім шығарады, содан алуға тиіс. Бұл жерде аталған делдал компаниялар арқылы өтіп отыр. Мемлекеттік аудит бұрын тексеріп тұрған, солардың айтуы бойынша 200 тонна алады, бірақ іс жүзінде 150 тонна ғана келеді. 50 тоннаның ақшасы шығарылады. Пайданы көріп отырған басшыла... Өздерінің меншікті тауары сияқты оңды-солды тарата беретін болды. Ешқандай бақылау жоқ», - деп жалғасырды сөзін.
Одан бөлек Гүлмира Мүслімова қорда 1,5 млн дана жұмыртқа жетіспейтінін айтып отыр.
«ӘКК-нің азық-түлік сақтайтын қоймалары жоқ, сондықтан сақтау үшін әлгі мен айтқан бес фирманың қоймаларына жауапкершілікпен береміз. Былтыр ақпан айында жұмыртқаны жеткізуге келісім жасайды, желтоқсанда ғана 1,5 млн дана жұмыртқаға құжат береді. Шот-фактура берілгеннен кейін келісім жасап, оны бірден жауапты сақтауға беруіміз керек. Оны істемеген. 23 қаңтарда барғанда келісімді көрсеттік, қол қойылмаған. Біздің өз қоймамыз жоқ, демек 1,5 млн жұмыртқа да жоқ деген сөз. Жоқ тауарға қол қойып берген», - дейді Мүслімова.
Шағымданушы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында болып жатқан бұл мәселелер жайында мекеме директорлар кеңесінің хабары барын айтты.
ӘКК директорлар кеңесі басқарады. Ал директорлар кеңесінің төрағасы облыс әкімінің орынбасары – Қанатбек Мәдібек. Ішкі аудитор ақшаның жетіспейтіні туралы білген соң директорлар кеңесін хабардар етті. Директорлар кеңесінің шұғыл отырысы болды, бірақ күн тәртібінен әлгі жарты миллиард теңге сомасындағы жетіспеушілік туралы мәселені алып тастады. Демек әкімдіктегілер біледі, - деп күдіктенеді ол.
Бұған қоса, Г. Мүслімова құзырлы органдарға шағымдана бастаған соң 10 ақпанда қызметінен қуылғанын айтты.
«Инвентаризация жасап 517 млн жеткіліксіз екенін анықтаған соң, ішкі аудит маған "ешқандай құжатқа мөр қоймайсың" деді. Ол үшін қылмыстық жауапкершілік барын ескертті. Мен мөрді жұмысқа тығып қойдым. Маған басшылық қысым жасады. Қан қысымым көтеріліп, денсаулығыма байланысты демалыс алуға тура келді. Мөрді бермей қойған соң, үйіме полиция шақырды. Жұмысқа шыққан соң 10 ақпан күні «мөрді бермей қойдың» деген заңды алға тартып жұмыстан шығарды. Қазір жұмыссызбын. Мен еңбек инспекциясына шағымдандым, сотқа беремін. Мені жұмыстан заңсыз шығарғанын дәлелдей аламын», - деп қорытындылады сөзін Гүлмира Мүслімова.