Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар тегін шипажайларды өздері таңдамақ

170

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар ем-дом қабылдауға берлетін тегін жолдаманы өздері таңдайды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.



Елімізде 700 мыңнан астам көмекке мұқтаж адам тұрады. Бұдан былай мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет белгілеп берген емес, өздері қалаған кез келген шипажайға бара алатын болды. Сонымен қатар, шілде айынан бастап мүмкіндігі шектелі жандарға берілетін жәрдемақы мөлшері де артпақ. Бұл туралы премьер министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мәлімдеді. 


“1 шілдеден бастап 700 мыңнан астам мемлекет көмегіне мұқтаж жанға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5 пайызға артады. Қаңтар айында жәрдемақы мөлшері 8 пайызға артқан болса, тұтастай алғанда жәрдемақы мөлшері 22,5 пайызға көтеріледі”, – дейді Алтай Көлігінов. 


Салалық министрліктің мәліметінше ерекше эжандарға қамқорлық көрсетіп жүрген отбасы мүшелерінің де жәрдемақысы өседі. 


“Мүгедек адамдарға келетін болсақ, ересектерге де, балаларға да бала күтімімен, ересек адамның күтімімен айналысып отырған азаматтарға да жәрдемақы төленеді. Олардың да мөлшері арттырылатын болады. Ауыл азаматтары мүгедектігі барларды қалаға алып келуге мәжбүр ғой. Енді ауылдық жерлерде арнайы емдеу орталықтарын да ашуды жоспарлап отырмыз”, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова.


Жеке көмекші статусы бойынша бірінші дәрежелі мүгедектігі бар азаматтарға қамқорлық көрсетіп жүрген бауырлары, туыстары енді ресми түрде жұмыс істейтін болады. Бұған дейін олар тек жәрдемақы алып келген. Министрліктің мәліметінше, ол үшін шамамен қазынадан әр адамға 99 мың теңге айналасында төленсе, бұдан былай мүгедек жанға қарайласып жүрген азамат әлеуметтік жағынан толықтай қорғалады. 


Енді мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту құралдарының заманауи және күрделі түрлерін пайдалану мүмкіндігі туады. Ал ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың реабилитациядан өтуі үшін қалаға келуі қажет болмайды. 


Оған қоса, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға шипажайларға да жолдама берілмек. Бұған дейін тек облыстық деңгейдегі шипажайларға барса, енді Республика бойынша қалаған шипажайға бару мүмкіндігі бар. Ол әлеуметтік портал арқылы шешіледі.


“Мүгедектігі бар тұлғаларға курорттық емдеу қарастырылған. Алайда ол барлығына беріле бермейді. Ол медициналық шектеулерге де байланысты”, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова.