Қала тазалығы – әр азаматтың жауапкершілігі

1 478

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіҚызылордада санитарлық тазалықты сақтау мақсатында мобильді топтар күшейтілген рейд жүргізуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қызылорда қаласында санитарлық тазалықты сақтау, рұқсатсыз құрылыс материалдарын шығару, абаттандыру қағидаларын бұзу сынды жағдайлардың алдын алу мақсатында қала әкімдігі жанындағы мобильді топ күнделікті рейдтік шаралар жүргізуде.

Тазалық пен тәртіп – қаланың көркі мен тұрғындардың әл-ауқатының басты көрсеткіші. Осы орайда қала әкімдігі экологиялық және санитарлық жағдайды жақсартуға, тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасап отыр.


Бейберекет әрекеттерге тосқауыл қойылуда

Күнделікті рейд барысында қаланың әртүрлі аумақтары тексеріліп, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мен қалалық полиция басқармасы қызметкерлері бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, құрылыс материалдарының – құм, тас, бетон қалдықтарының көшелерге бейберекет шығарылуы тіркелді.


Мұндай әрекеттер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 821 және 822-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Нәтижесінде құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қабылданды.


Тазалық – әр азаматтың міндеті

Қала билігі тұрғындарды аула мен көше тазалығын сақтауға, рұқсат етілмеген жерлерге құрылыс немесе тұрмыстық қалдықтарды шығармауға шақырады. Бұл – тек әкімдік пен коммуналдық қызметтердің емес, әрбір қала тұрғынының ортақ жауапкершілігі.


«Қала – ортақ үйіміз. Оның тазалығы мен тәртібі – біздің мәдениетіміз бен сана-сезіміміздің көрінісі. Әр азамат тазалықты өзінен бастаса, қоршаған орта да өзгереді», – делінген қала әкімдігінің хабарламасында.


Алдағы уақытта бақылау күшейеді

Мобильді топтың жұмысы жүйелі түрде жалғасады. Әсіресе, жазғы маусымда құрылыс жұмыстарының қарқыны артқан кезеңде, тұрғындар тарапынан абаттандыру ережелерін бұзу деректері жиілей түспек. Сондықтан жергілікті билік пен құқық қорғау органдары тарапынан рейдтік бақылаулар күшейтіледі.

Қала келбеті – онда тұратын азаматтардың жауапкершілік деңгейін көрсетеді. Қызылорда қаласының әкімдігі қаланы таза, қауіпсіз және жайлы ету үшін жұмыс істеуде. Бұл мақсатқа жету – барша тұрғындардың ортақ міндеті.


Тазалық – мәдениеттің айнасы. Қаламыздың көркеюі өз қолымызда!