Елімізде құмар ойынға құныққандар 400 мыңға жуықтады

10 912
Құмар ойынға құныққандар елімізде 400 мыңға жуық, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Бүгінде қоғам дертіне айналған құмар ойындардан келетін қауіп үлкен.  Мұндай ойын түрі заман құбылған сайын түрленіп, зияны да ұлғаюда.  Құмар ойынның арбауына түскен адам қоғамнан ажырап, адами қасиеттерін жоя бастайды. Ойынға тәуелділіктің дүниежүзінде ауру ретінде қарастырылып, осыған байланысты арнайы медициналық терминнің енгізілуі де тегіннен тегін емес. Қазір Қазақстанда орта есеппен 400 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Еліміздегі қаншама отбасы, қаншама тағдыр осы ойынқұмарлықтың салдары­нан ойран болып жатыр? Мұны неге ойламаймыз? Бізде тіпті ойын­құмарлыққа үгіттейтін жар­намалық қызметтерге де тікелей тыйым жоқ. 


Мәселен, қарапайым ғана болып көрінгенімен, карта ойынының да құмарлыққа ұласып, кейін өкінішке соқтыру қаупі өте жоғары. Осы бір ғана ойын бойынша мынадай мәлімет бар. Картаның жетегіне еріп, жетесіздікке бой алдырғандардың саны күн сайын көбею үстінде. Ойынхана біреулердің қалтасын қалындатса, біреулерді мүлдем көк тиынсыз қалдырып жатыр. Бірақ құмар ойын бизнесімен айналысатындар салық төлемдері арқылы бюджетті де қаржыландырып отырғаны ақиқат. Ойынхана Қазақстанның 2 аймағында ғана ресми түрде жұмыс атқаруға рұқсат берілген болатын. Олар – Көкшетау мен Алматыдан 70 шақырымдағы Қапшағай қаласы. Бірақ құмар ойынның құрығына ілінгендердің жиі баратын мекені өзге халықтың қалауына сай келеді деу өте қиын.
Бірақ заңсыз бағытта құмар ойынның өзге де түрлерін таратып, қалтаға түсіп қана қоймай, келушілердің өмірін өкінішке айналдырғандар қаншама?!

Тағы бір мәселе – букмекерлік кеңселер. Қазірде бұл орталықтарға қолжетімділік артып, ұялы телефон арқылы да ұтыс тігуге болады. Қазақстан букмекерлер және тотализаторлар ұйымының құрамына 30-дай букмекерлік кеңсе тіркелген екен. Кейбір деректер бойынша елімізде бұл бизнес саласында шамамен 30 миллиард теңге айналымда жүрген көрінеді. Әйтсе де, нақты соманы дөп басып айту қиын. Негізі, букмекерлік кеңсе қызметіне біздің елде рұқсат етілген. Оны ашу үшін керекті құжаттарды жинап, Мәдениет және спорт министрлігіне тапсыру керек және лицензия алу құнын төлесеңіз жеткілікті.

Әріге бармай-ақ, қаламызда букмекерлер арқылы, өзге де жеңіл жолмен ақша табуға құштарлар бар екені жасырын емес.


Қазақстанда құмар ойындар көрсеткіші спорт, мәдениет, тіпті өнер саласындағы көрсет­­кіштерден де асып түсіп отыр. Finprom.kz ресурсының хабар­­лауын­ша, былтыр құмар ойын­дарды ұйым­дастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қыз­­меттер көлемі 73,9 млрд тең­гені құраған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 6%-ға ғана аз. Пан­демия жылы бұл сала­дағы көр­сеткіш рекордтық деңгейге жетіп, 78,6 млрд теңгеге жеткені мә­лім. Үйде жұ­мыс­сыз ерігіп жат­қан адам құмар ойын­дар­ға көбірек құ­нығып кететінін осы көр­сет­кіштен-ақ байқауға болады.

Ал 2022 жылдың бірінші тоқ­санында құмар ойындарды ұйым­дастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қызмет­тер көлемі 138,8 млрд теңгені құ­раған, бұл өткен жылдың осы кезе­ңімен салыс­тырғанда 8,4 есе артық. Салыстыра айтсақ, бұл сан спорт, демалыс пен ойын-са­уықты ұйымдастыру сала­сын­­­дағы көрсеткіштен – 21,3%-ға, кі­­тапханалар, мұрағаттар, мұра­жайлар және өзге де мәдениет объек­тілері көрсететін қызметтер көле­мінен 9 есеге және өнер мен ойын-сауық саласындағы көр­­­сеткіштен 12 есе артық. Демек аза­маттардың спортпен шұ­­ғыл­данып, шығармашылық жұ­­мыс­тармен айналысқаннан гөрі құмар ойын­дарға тартылуы жиірек болып тұр. 

Күнделікті дүкендерде, сауда орталықтарында, тағы да басқа мекемелерде, ойын автоматтарының маңайында үймелеп тұрған адамдарды жиі көреміз. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып есептелетіні хақ. Соған қоса, ол қазақ қоғамының тамырын кесетін, қасіретті әрекеттердің бірі. Тек қазақ қоғамы ғана емес, адамзаттың індеті, дерті. Сондықтан, әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білуді үйренсе дейміз.