ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ МҮГЕДЕКТІГІ БАР ЖАНДАР НАРАЗЫЛЫҚТАРЫН БІЛДІРУДЕ

3 389
Қызылорда облысында мүгедектігі бар жандар мүгедектер қоғамының төрағасына шағым айтып, наразылықтарын білдіруде, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Олар Қызылорда облысы мүгедектер қоғамының төрағасы Мұрат Джумадилаевтың орын босатуын басты талап етіп отыр.  Олардың айтуынша қоғам басшысы болғалы ешқандай оң өзгеріс пен пайдалы көзге көрінер нәтиже шықпаған. Тіпті жиылған мүгедектердің басым бөлігі наразылықтарының үлкен екенін жеткізіп бақты. 

 
 «Өз орнын босатып, жастарға жол берсін!»,   «Керек көмегімізге қол жеткізе алмай отырмыз», «Біздің айтқан өтініштерімізді аяқ асты қалдыра береді», «бүгінге дейін үнсіз келдік ендігі әрі, шыдам бітті»,-  деген жиылған қауым өз базыналарын ашық айтты. 


Ерекше жандардың наразылығы мен сынына тап болған 5 жыл бойы қызмет атқарған төрағаның бір мезетте халық тарапынан қойылған талаппен басқосуда құлаққағыс болды. Осы орайда, өз пікірін жеткізген төраға Мұрат Джумадилаев:

«Мен ешқашан қаражат жымқырған емеспін. Оның үстіне менің жеке шотыма аударылған қаржылай  көмек болмады.  5 жыл  адал қызмет етіп, облыстық мүгедектер қоғамының дамуы мен өркендеуіне үлесімді қосып келдім. Десек те, алдағы сайланатын төрағалар сайлауына қатыспайтындығымды атап өткім келеді»,- дейді  Қызылорда облыстық мүгедектер ұйымының төрағасы.  


Айта кететін жәйт, мүгедектердің шағымы көмек есебінде берілген «Инвотакси» мен кәсіпкерлер тарапынан берілген қаржылай көмек болып отыр. Яғни, берілген «Инвотакси» көлігінің  кезек күттіріп қоятындығы мен көрсетілген көмек түрінің мүгедектігі бар жандардың барлығына бірдей қызмет ұсынылмайтындығын тілге тиек етті. 

«Жоғарыдағы көтерілген талаптарды алға тартып,  осы күнге дейін бірде – бір жиналыс жасамай, мүгедектердің басын қоспай отырған басшы өз еркімен орын босатуын талап етеміз! Азаннан кешке дейін жеке жұмысымен жүреді де, қоғамдық ұйымның мәселесі қолға алынған емес. 5 жыл  бойы ешбір есеп, басқосу болған емес. Мүгедектердің жарғысында заң бұзушылық орын алып отыр. Бір отбасының бірнеше адамын  ұйымның мүшесі етіп сайлаған басшыдан кімге көмек? 5 жыл көлемінде мүгедектерді өмірге бейімдеуі үшін ешбір шара қолданбады ғой»,- дейді  1 – топ мүгедегі Роза Смагулова.


Қызылорда қаласының шетінде Талсуат ауылында оңалту орталығында өткен басқосуға «Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі  мен Қызылорда қалалық  жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі, облыстық «Нұр Отан» партиясы және де  «Әділдік жолы» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы басшылары қатысты. 

Құзырлы сала өкілдері мен басшылары қатысқан жиыннан мүгедек жандар оң шешім болады деген үміттерін үзгісі келмейді.   


редактор,
Айгерім РАХЫМЖАНҚЫЗЫ