Өзгеріс әкелген өнімді жобалар
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика – кез келген елдің экономикасы мен әлеуметтік саласының негізгі тіректерінің бірі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.
Ол экономикалық қатынастардың дамуына және халықтың әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Бүгінде бұл салаларда оң өзгерістер орын алып, жақсы қарқынмен дамып келеді. Елдің жарықпен және жылумен, таза ауызсумен қамтамасыз етілуі осы сала мамандарының жоғары жауапкершілігі мен сапалы қызметіне тікелей байланысты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы аймақтағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, газ, ауызсу, электр және жылу энергиясымен жабдықтау саласын дамыту бағытында тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Мәселен, өткен жылы облыс аумағында 4 қала және 35 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылып, тұрғындарды газдандыру үлесі 75 пайызды құраған болатын. Биыл жыл басынан бері «Алмалы», «Бестам», «Ақтоған», «Төретам» ауылдық елді мекендері табиғи газға қосылды. Жыл соңына дейін «Сексеуіл», Абай, «Ақсу», Шәменов, Сейфуллин, Тоқмағамбетов, «Төменарық» ауылдары газдандырылатын болады. Осылайша облыстың газбен қамту деңгейі 78 пайызға, газға қосылған ауылдардың саны 46-ға жетеді.
Тұрғындарды таза ауызсумен қамту – өңірдегі шешімі табылған мәселелердің бірі. Себебі облыс тұрғындарының 98,4 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында Үкіметке алдағы бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Осыған сәйкес аймақта 26 елді мекен тұрғындарын ауызсумен қамту бойынша кезеңдік жоспар бекітіліп, соған сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде өңірдегі барлық елді мекендер 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмек.
Аймақта жалпы ұзындығы 10490 шақырым электр желілері және әртүрлі кернеуліктегі 2008 қосалқы станциялар бар. Олардың тозу деңгейі 66 пайызды құрайды.
Биыл электр жүйелерінің құрылысы мен жаңғырту жобаларын жүзеге асыруға 5,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 374,5 шақырым электр желісі мен 67 қосалқы станцияны қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Нәтижесінде тозу деңгейі 66-дан 64 пайызға дейін төмендетіледі деп күтілуде.
Жылумен қамту нысандарын жаңғырту жұмыстары да өз деңгейінде жүруде. Оған 12 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде «Қызылорда жылу-электр орталығының» Оңтүстік қазандығының үш бу қазандығын жаңғыртуға бюджеттен 2 млрд 700 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары басталуда.
Жылу желілерін жаңғырту бойынша бюджеттен 6 жобаны іске асыруға 6 млрд 900 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге 9,5 шақырым жылу желісінің 3,1 шақырымы жүргізіліп, 33 пайызға орындалды. Облыс аумағында 1067 әлеуметтік нысан бар. Олардың қысқы маусымға дайындығы 65 пайызды құрайды", − дейді басқарма басшысы.
Өздеріңіз білетіндей, облыста көптен күткен, заманауи үлгідегі ауқымды жоба жүзеге асуда. Ол − 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығының құрылысы. Жобаның жалпы құны – 215 млрд теңге.
Бүгінде инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы тарапынан құрылысқа салынған инвестиция көлемі 70 млрд теңгені құрап, жыл аяғына дейін 120 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ негізгі қондырғыларды дайындауға шетелдік компанияларға тапсырыс беріліп, тамыз айынан бастап құрылыс алаңына жеткізіледі деп жоспарлануда.
Станция құрылысы 2025 жылдың тамыз айында аяқталып, іске қосылатын болады.
Өңірде тағы бір мәселенің түйіні тарқатылмақ. Қала халқының ыстық суға қол жеткізетін күні алыс емес.
Өткен жылы Мемлекет басшысының облысқа жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту мәселесін шешу туралы тапсырма берілді. Осыған сәйкес аймақта бірқатар жұмыс атқарылды.
Қазіргі уақытта Қызылорда қаласының аумағында 804 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 6 үй ыстық сумен қамтамасыз етілген. Ал 191 үй ыстық су жүйесіне қосуға дайын болса, 184 үйді қосу мүмкін емес, ал 423 үй қаржыландыруды қажет ететін көрінеді.
Жалпы салада атқарылған жұмыс ауқымды, жаңа жобалар да жеткілікті. Бұл жобалар аймақ дамуына оң өзгеріс әкелмек.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ