Жалағаш ауданындағы би өнерінің үздігі - Айбарша

1 202

zhalagash-zharshysy.kzАудандағы балғын бишілер туралы сөз етсек, ойымызға ең бірінші Өнер мектебінде Айбарша Бекбайқызы жетекшілік ететін «Art-Action» би тобы еріксіз еске түседі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Себебі талабы мен таланты ұштасқан жас бүлдіршіндерді тәрбиелегеніне көп болмаса да, бағындырған белесі биік ұстаздың үлкен және кіші тобы облыстық, республикалық өнер додаларында топ жарып жүр. Аталған топтың бүгінгі жұмысымен танысу үшін өнер ордасына бетбұрдық. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жетекші қазіргі таңда алдағы жарыстарға дайындық барысында екенін жеткізді.


"Бишілерімді қазан айында үлкен жарыстар күтіп тұр. Қазір үлкен тобыма замануи стильде қазақша би қойып жатырмын. Ал кіші тобыма ковбой биін үйретіп жатырмын. Мұнан бөлек, жыл басында бізге жеңіс әкелген «Устроем танцы» биімен, кіші тобым алғаш рет республикалық «Talent show» фестивалінде бас жүлдені иеленді. Себебі бұл би әзірге балалар арасында жоқ. Көбіне халық биі, қойылымдық би, замануи билер кеңінен тарған. Бишілер арасындағы 5 жастағы қыздар болғандықтан, бұл биді жас ерекшеліктеріне қарап таңдап алған болатынмын. Би барысында бишілер батсапқыда екі тарапқа бөлініп, бір-біріне қарсылас болып, соңында ауызбіршілікпен барлығымыз биді құрайық деп алып шығады", – дейді Айбарша Бекбайқызы.

Дайындық барысында бидің әр элементіне жеке-жеке тоқталып, денені қалай ұстау керек, аяқ қалай тұру керектігін жіті түсіндіретін Айбарша көрерменге шынайы әсер сыйлау үшін әр бидің өзіне бірнеше ай дайындық кететінін айтты. Сондай-ақ ол әр биді шығарарда сюжеті мен аяқталуына атүсті қарамай, көрерменге жаңаша көзқараспен жіберуге тырысады. Мұнан бөлек, жетекші жарысқа көбіне қойылымдық билер дайындайды. Себебі ол бұл би түрі жеңіске бір табан жақындатынын да жасырмады.

"Бала күнімнен биге деген қызығушылығым өте жоғары болды. Сөйтіп бірде анама өзімнің биге қатысқым келетінін айтып, Айбарша апайдың тобына қосылдым. Мен әр сабақты асыға күтемін. Себебі Айбарша Бекбайқызы сабақты қызықты әрі ерекше өткізеді. Жыл басында алғаш рет үлкен байқауға қатыстық. Сол кезде біздің «Art Action» командасының үлкен тобындағы әпкелеріміз бар ақылын айтып, жарыстан жүлдемен оралуымызды, тобымыздың атына кір келтірмеуімізді тапсырды. Кіші топтың барлық қызы осы сайыста бас жүлдені иелену үшін бар күшін салып, күндіз-түні тыңғылықты дайындалды. Бізді қолдаған ата-анамыз бен достары¬мызға және Айбарша Бекбайқызына алғысымыз шексіз", – дейді кіші топ мүшесі Айша Бодыбай.

Айта кетейік, өнер мектебінде «хореография» класы 2018 жылы ашылған. Қазіргі таңда 3 пен 4-ші класс оқушылары бар. Жалпы барлығын қосқанда 36 өнерпаз. Оның 16-сы келер жылы бітірсе, 20 бүлдіршін 2025-2026 оқу жылында бітіреді.

Қазіргі таңда «Art-Action» би тобының шығармашылық қоржынында «Ерке сылқым», «Хорезм», «Жастар» биі, «Қарақшылар» биі, «Шашу» биі, «Қуыршақтар» биі, «Орыс» биі және тағы да басқа әртүрлі ұлт билері бар. Әр жаңа туындыға түрлі сахналық киім тіктіріп, үлкен дайындықпен кіріседі.

"Кез келген жарысқа барарда ең алдымен мені қолдайтын – ата-аналар. Олар қыздарының киімін, қажетті заттарын тауып, үнемі менің жанымнан табылады. Сайыс барысында олар да оқушыларды түгендеп, менің қызым, сенің қызың деп бөліп жармай бәріне бірдей қарап, барлығын киіндіріп, шаштарын дұрыстап көмектеседі. 27 баланың барлығын бір уақытта дайындау кімге болса да оңай емес. Ата-аналарыма алғысым шексіз", – дейді Айбарша Бекбайқызы.

Бүгінде бірнеше түлекке 4 жыл білім беріп, талай жастың талабын шыңдаған жетекшінің шәкірттерінің алды қазір Қызылорда қаласында хореография мамандығы бойынша білім алуда. Осыдан ақ бүлдіршіндерді өнерге баулуда аянбай еңбек етіп, жеңісі мен жемісін қатар көріп жүрген Айбарша Бекбайқызының бойынан мамандыққа деген адалдықты аңғаруға болады.


Сезім НҰР