Министрліктер мен әкімдіктер 4 айда 55 млрд теңгені игере алмаған
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 4 айдың қорытындысы бойынша бюджет қаржысын игере алмаған облыстарды атады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, биыл қаңтар-сәуірде мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге, ал республикалық бюджетке 4 трлн теңге кіріс түскен. Атқарылмаған сома – 336 млрд теңге.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары – 98,6%, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,0%, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,6% атқарылған.
Республикалық бюджет бойынша 7 трлн теңгеге шығыс жүргізілді. Атқарылмау – 72 млрд теңге, оның ішінде 16 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмеген сома – 55 млрд теңге.
Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде қалыптасты», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Игерілмеудің негізгі себебі – шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, нақты көрсетілген қызмет көлеміне төлем жүргізу, мемлекеттік сатып алу конкурстарының ұзақ өткізілуі, орындалған жұмыстардың актілері мен шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы және тағы басқа.
4 айда жергілікті бюджеттердің шығыстары – 3,3 трлн теңге, атқарылмаған сома – 47 млрд теңге.
Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 мамырға 473 млрд теңге бөлінді. Оның 97%-ы игерілген. Игерілмегені – 14 млрд теңге.
Ең көп игерілмеу Астана және Алматы қалалары, Атырау және Түркістан облыстарында қалыптасты», - деді министр.