Орталық көшелерді жарқыратып қояды, ал шеткері аудандарға көңіл бөлмейді – Тоқаев

564

Тоқаев елорданың шеткері аудандарына көңіл бөлінбеуін сынға алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


"Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді. Үйлесімді әрі теңгерімді мегаполис үшін тиімді көлік жүйесінің, соның ішінде дамыған қоғамдық көліктің, ыңғайлы велосипед және жаяу жүргіншілер аумағының болуы аса маңызды", - деді Тоқаев елорданың 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Астананың бауырлас қалалары форумында.


Айтуынша, технологияның, атап айтқанда жасанды интеллекттің қарыштап дамуы қалаларды барынша сапалы басқару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. "Ақылды қала" тұжырымдамасын жүзеге асыру азаматтарға жаңа цифрлық қызмет ұсынуға, ғимараттардың энергия тұтыну тиімділігін айтарлықтай жетілдіруге, сондай-ақ көлік ағынын түбегейлі оңтайландырып, көшедегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.


"Бұл – біз үшін өзекті міндет. Сонымен қатар адамдарға өзара тығыз байланыс орнатуға көмектесіп, азаматтар мен бизнестің қаладағы өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шеше алатын белсенді қоғамдастық құру ісіне атсалысуына ықпал етеді. Астана бұл бағытта дамып келеді және бірқатар жетістікке жетті", - деді мемлекет басшысы.


Астанада елорданың 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Астананың бауырлас қалалары форумы өтіп жатыр. Форум аясында қалаларды дамытудың өзекті мәселелері және олардың қазіргі жаһандық өсу мен инновацияның басты орталықтары ретіндегі рөлі талқыланады.