"Үш жылдық контрактідегі сержант баламды ұрған": Әскерге кеткен сарбаз ауыр жағдайда ауруханаға түскен

575

Жамбыл облысында әскерге кеткен сарбаз сегіз айдан кейін ауыр жағдайда ауруханадан бір-ақ шыққан, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.


Қазан айында Жамбыл облысындағы 91/678 әскери бөліміне борышын өтеуге кеткен Ерлан Бекеев маусымда ауырып қалған. Алайда ата-анасына ештеңе ескертпеген. Әскерилер туыстарына тіс жармастан, сарбазды ауруханадан алып шығып, емшілерге апарыпты.


Анасы алғашында баланың құлап қалдым дегеніне сеніп жүре берген, алайда сол жақта тұратын туысы оның халі нашар екенін жеткізген. Ұлы кейін әскери бөлімдегілердің соққысына жығылғанын мойындаған.


Үш жылдық контрактідегі сержант баламды ұрған. Басынан, ішінен тепкен. Баланы қорқытқан. Сенің әлі төрт айың бар, қазір сегіз ай өтедің. Егер біреуге айтып қойсаң, қалған төрт айыңда қинаймын. Әскери билет бермей, мінездемені жаман етіп жазамын деп қорқытты, – дейді сарбаздың анасы Гүлжәмилә Бәйленова.


Сарбаз жоғары оқу орнына түсе алмай қалған. Әскерге барғандарға оқуға түсу мүмкіндігі қарастырылғанын естіп, өз еркімен міндетін атқаруға аттаныпты. Бес жылға келісіммен әскерде қалуды да көздеп жүрген. Бірақ аяусыз соққыдан кейін жағдайы нашарлады. 


«Ота жасауға болмайды деп, өздері емшіге апарған. Емші басынан соққы алған, үш қабырғасы сынып, өті қозғалған, бауыры ісіп тұр деген. Бала жазылмай, жағдайы ушыға бергеннен кейін Таразға ауыстырған», – деді сарбаздың ағасы Нұрдәулет Бекеев. 


Қорғаныс министрлігінің өкілдері Ерлан Бекеевті ешкім ұрып-соққан жоқ деп отыр. Кезекшілікте тұрған кезде басын ұрып алғанын айтты.


Қатардағы жауынгер Ерлан Бекеевті ешкім ұрып-соқпаған. Осы факт бойынша Тараз гарнизоны әскери полиция өкілдері тексеріс өткізді. Тексеріс барысында билігін асыра пайдалану фактісі орын алған жоқ, ешкім ұрып-соқпағаны дәлелденді. Компьютерлік томографияға түсіру барысында патологиялық көрініс анықталған жоқ. 05:43 кезекшілікте тұрған кезде ұрып алған, – деді Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы басқармасының аға офицері майоры Рахат Төлібай.


Жәбірленушінің анасы Гүлжәмилә Бәйленова мұнымен келіспейтінін жеткізді. Қиянат жасағандарды заң алдында жауапқа тартуға ниетті.