Психологы шатасып, жыныстық қатынас туралы брошюра таратқан мектептің оқушысы жүкті болып қалған

275

Жетісу облысында үш мектептің оқушылары жүкті болып қалған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.



Жүкті болған қыздардың бірі Текелі қаласындағы №5 орта мектептің 10-сыныбында оқиды екен. Өзі толық отбасынан шыққан. Мектеп басшылығының айтуынша, ата-анасы ажыраспаған. 


“Текелі қалалық полиция бөлімі сіз айтқан іс бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде заңды шаралар қабылданады”, – деді Текелі қаласы №5 орта мектебінің директоры Жанар Жақыпбекова. 


Өзге екі оқушының бірі Панфилов ауданының Үшарал ауылындағы мектепте 9-сыныпта, екіншісі Сарқан қаласындағы №1 мектеп-гимназиясында 10-сыныпта оқиды. Екеуінің де жүктілік мерзімі үшінші айда екен. Бойжеткендер қазір сабақтарын оқып жүр. Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, оқушыларға түсік жасатыңдар деп айтуға құқығы жоқ.


“Баласының өмірі және баласының қауіпсіздігі үшін әрбір ата-ана жауапты екенін ұмытпау керек. Баланың кіммен, қандай қарым-қатынаста болып жатқандығын, оның және достарының кім екендігін, ол кешкі уақытта әлеуметтік желіде немесе басқа жерлерде кіммен байланысып отыр, содан кейін баланың мінез құлқына да баса назар аударып отыру керек”, – деді Жетісу облыстық білім басқармасының тәрбие ісі жөніндегі бас маманы Руслан Арсланов. 


Ерте жүктілік бойынша оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, дауға қалған да дәл осы Текелі қаласындағы №8 мектеп. Мұнда шараны ұйымдастырушылар балаларға жезөкшелерге берілетін кеңес жазылған брошюраны таратып берген. Мұны көрген оқушылардың ата-аналары наразылық білдірген соң мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары сөгіс алды. Ал жезөкшелерге арналған брошюраны оқушыларға таратып берген аурухана психологы жұмыстан кетті.