Бұдан былай таразыдан пайда табатын кәсіпкерлерге қомақты сомада айыппұл салынбақ
Сауда және интеграция министрлігі енді елімізде тұтынушыны алдап, таразыдан пайда тапқысы келген саудагерлерге айыппұл салынатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Енді жыл сайын бақылауды арнайы аттестацияланған тексерушілер жүргізіп, электронды таразыдан қандай да бір шикілік тапса, кәсіпкерді әкімшілік жазаға тартады.
Бұл үшін кәсіп иелері 100 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Мұндай тексеріске шағымдардың жиілеп кетуі себеп болған. Сондықтан ел азаматтары болса бұл жаңалықты бірауыздан қолдап отыр.
“Тексергеннің артық кемшілігі жоқ, керсінше халыққа пайдасы бар. Таразыдан алдайтындар көп қой”, “Тексерген дұрыс. Бәрі бірдей емес шығар, бірақ алдайтындар бар. Айыппұл салсын, мен қолдаймын”, “Үйге келген соң біз оны тексеріп те жатпаймыз ғой. Сенбедік, деп дәлелдей де алмаймыз”, – деді тұрғындар.