Жалағаш ауданындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3198-ге жеткен
Жалағаш ауданындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3198-ге жеткен,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда облысында кәсіпкерлік саласы күн санап дамып келеді. Бой көтерген түрлі нысандар, кеңейтілген кәсіп, тың идеямен жүзеге асқан жобалар, тынысын ашқан көкжиек, барлығы да көз қуантуда. Оның ішінде осы сала бойынша экономикаға оң өзгерістер әкелуге сеп болған аудандар да бар. Мәселен, Жалағаш ауданында 2023 жылдың І тоқсанында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3198-ге жеткен.
Тәуекел ете аласыз ба? Иә, кәсіпкерліктің шарты осындай. Онсыз ешкім алға жылжи алмайды, кәсіп иесі атанбайды. Мәселен, біз несиеге қымбат қалтафон алуға қорықпаймыз. Ал сол несиеге кәсіп бастау үшін тәуекелге бел буамыз ба? Жоқ. «Мүмкін болмай қалса ше?» деген соқыр үрейдің бойды билейтіні жасырын емес. Тың идеясы бар жастар талап қылып, батыл қадам басып келеді. Өңірдегі кәсіпкердің дені – жастар.
Кәсіп ету үшін адамға бірқатар қабілет керек. Ол ұйымдастыра білу қажет, үнемі іздену керек. Айтпақшы бұл тұрғыда бастағалы отырған кәсіпті дұрыс таңдай білу де, нарық экономикасын жан-жақты зерттеу мен тұтынушының өнімге деген сұранысын бажайлау да маңызды екенін естен шығармаған абзал. Бүгінде кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет тарапынан біршама бағдарлама жүзеге асуда. Иә, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, сол арқылы өзімен қоса аудан азаматтарын да жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті тұрғындардың қатары едәуір артқан. Жалағаш ауданының өзінде тұрғындар табыстың жолын тауып отыр. Өз кезегінде салаға жауапты мамандар тарапынан халықты кәсіпкерлікке үгіттеу, оқыту секілді жұмыстардың да үздіксіз жүруінен аудан тұрғындары мемлекеттің кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатындағы бағдарламаларын тиімді пайдалануда. Жалағаш аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбеттің айтуынша, қазіргі таңда халықтың кәсіппен айналысуға деген құлшынысы жоғары.
«Кәсіпкерлік саласы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күшінің бірі. Сондықтан бұл саланың көрсеткіштерінің қорытындысы ауданымыздың даму рейтингіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан біздің тараптан кәсіпкерлік саласы бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдыру мақсатында жекелеген азаматтар біздің мамандарға жүгінеді, біз сол бойынша жол көрсетіп, қолдау білдіреміз.Жалпы, Жалағаш ауданында 2023 жылдың І тоқсанында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3198-ге жетті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 130,8 пайызға орындалып отыр. Иә, кәсіп бастау, өзінің сүйікті ісімен айналысу кімге болса да арман екені белгілі. Десе де көп жағдайда арманның соңынан жүруге қаржылық мәселелер мен мүмкіндіктің болмауы кедергі келтіріп жатады. Мұнда кәсіби сауат пен білімнің жетіспеуі де адамға дұрыс бағыт таңдауға қиындық келтіреді. Осы ретте өз кәсібімді ашамын деушілерге мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп жатқанын айта кету керек», – дейді ол.
Сала мамандарының мәліметінше, Жалағаш ауданында бүгінде тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің ішінде 137-сі жұмысын тоқтатқан. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 114 бірлікке, ал жұмыс жасап тұрғандар саны 148 бірлікке артыпты. Сонымен қатар соңғы 3 айда мемлекеттік кірістер басқармасына 365 жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркелген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі осы жылдың 3 айында 4 миллиард 706 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,2 есеге жоғары орындалды. Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары және жеке секторлары арқылы 9 миллиард 648 миллион теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдерін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 есе жоғары көрсеткішті көрсетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 3 миллиард 287 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 есе жоғары болды. Сонымен қатар Жалағаш ауданы бойынша бөлшек сауда айналымының көлемі соңғы дерек бойынша 714,1 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,9 пайызға орындалған. Сондай-ақ мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында ауданда жыл басынан 40 жоба 543,7 миллион теңгеге қаржыландырылыпты.
«Халықты жұмыспен қамту мәселесі ауданда ғана емес, республика бойынша әлі де өзекті. Дегенмен қол қусырып отыруға да болмайды, сондықтан өңірде көптеп жұмыс орындарын ашуды қолға алып жатырмыз. Ауданда жылданжылға кәсіпкерлердің саны артып, жұмыссыздық саны азайып келеді. Тіпті жұмыссыздыққа тіркеліп, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарды кәсіп ашып, өз ісін дөңгелентуге шақырып, сала бойынша оқытып, демеу көрсетеміз. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты жақсарып, аудан экономикасы дамиды. Жоғарыда атап өткендей, 40 жоба қаржылай қолдау тапты. Нақтырақ тоқталсақ, 2022-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банк арқылы несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау бағыты бойынша 1 жоба 57,6 миллион теңгеге, «Агро Несие Корпорациясы» АҚ облыстық филиалының жеке қаражаты есебінен 13 жоба 60,3 миллион теңгеге, «Қызылорда» Өңірлік инвестциялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-ның «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 22 жоба 240 миллион теңгеге және «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 4 жоба 185,8 миллион теңгеге қаржыландырылды. Мұны қайталап айтқан себебім, осы жобалар табысты жұмыс жүргізіп кетсе, ауданда қаншама адам екі қолға бір күрек табады. Яғни жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендейді», – дейді Жалағаш аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет.
Жалағаштықтар әсіресе ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс жасағанды құп көреді. Себебі ауданда атакәсіп, яғни егін мен мал шаруашылығы жақсы дамыған. Ауа райы да қолайлы. Дегенмен ауданға таңсық, әзір келе қоймаған жаңашыл жобаларды тартуға, қолдау көрсетуге біздің тарап әрқашан ниетті. Әрине жаңашыл жоба екен деп бірден бас салып, қаржылай қолдау көрсетуден аулақпыз. Десе де, жобамен танысып, оны әрі қарай зерттеп, кемшіл тұстарын түзеп, бір сөзбен айтқанда, жан-жақты зерделеп жүзеге асырғанды жөн деп санаймын, дейді ол.
Бүгінде Жалағаш кентінде орналасқан «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағында жалпы құны 658,5 миллион теңгені құрайтын барлығы 15 жоба орналастырылып, оның ішінде 10 жоба іске қосылса, 2 жобаның құрылысы жүріп, 3 жобаның құрылысы осы жылы бастау алады. Сонымен қатар аймақта өндіріс орны, яғни күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылса, жыл аяғына дейін 2 өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта сауда саласын дамыту бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, кент орталығынан жалпы құны 507 миллион теңгені құрайтын үш сауда нысанын салу жоспарда бар. Мысалы, кент тұрғыны жеке кәсіпкер Еркебұлан Кайповтың жалпы алаңы 1385 шаршы метрді құрайтын жоба құны 350 миллион тенгелік екі қабатты сауда үйін айтуға болады. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталған. «Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымына жоба құжаттары ұсынылып, 50 миллион теңгеге жеңілдетілген пайызбен берілетін несие қаражатымен қолдау тапқан.
Жалағаш ауданында алдына мақсат қойып, кәсіппен айналысқысы келетін жастардың саны артқан. Қолға алған ісіне жауапкершілікпен қараған жас кәсіпкерлердің ішінде барлығынан оза шауып, кәсіп шыңының биігінен көрінгендер де жоқ емес. Қазіргі таңда жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Маңызы зор, қолдауға ие болған жастар ісін өрге домалату үшін тиісті қаражат көзін мемлекеттен тиімді пайызбен иелене алады. Жалпы, Жалағаш ауданында жастарды кәсіпкерлікке тарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Атап айтқанда, бүгінде тіркелген барлық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 39 пайызын, яғни 1249 кәсіпкерлік субъектісі 18-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерге тиесілі болса, жыл басынан қаржыландырылған 40 жобаның 11-і, яғни 27,5 пайызын жастар құрап, олардың жобалары 113,6 миллион теңгеге қаржыландырылған.
«Өткен жылы Жалағаш ауданы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкер¬лікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1 225 200 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қолдау алған 300 жобаның 154-і, яғни 51,3 пайызы жас кәсіпкерлерге тиесілі болды. Жыл басынан бері Жалағаш ауданы бойынша 215 миллион теңге 2 жоба іске қосылды. Мысал ретінде жас жеке кәсіпкер Асхат Ермекбаевтың антифриз өндірісін айтсақ болады. Ол 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шең-берінде мемлекеттік қолдауға ие болып, бүгінде кәсібін дөңгелентіп отыр. Жоба қуаттылығы 1 тәулікте 1000 литр антифриз өндіреді» дейді мамандар.
Айта кеткен жөн болар, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік өнімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Негізінен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алуында. Несие мал, құс пен өсімдік шаруашылығын дамытуға, кооперативтерді жабдықтауға және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу бағытында, шағын кәсіп ашуға бағдарланған. Несиенің шекті көлемі – 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін 7 миллион теңге, кооперацияларды дамытуға 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін 26,7 миллион теңге беріледі. Мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Қызылорда облысы бойынша жобаны қаржы-ландыруға биыл республикалық бюджет есебінен 3 миллиард теңге бөлінді. Алдағы уақытта қаражат көлемі артады деп есептеймін. Өйткені осы тұрғыда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс беріліп, ау¬данға қосымша 2 миллиард теңге тарту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда несиені үйлестіру мақсатында Жалағаш ауданы бойынша коммиссия тобы да жасақталды. Жоба жетекшісі болып аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі бекітілген. Аудан бойынша арнайы 4 маман бекітіліп, несие алуда халыққа көмек көрсететін болады.
Мамандардың айтуынша, алдымен конкурс ұйымдастырылып, әрбір адам өзінің бизнес-жоспарын таныстырады. Қолдау тапса, ақша дереу бөлінеді. Тек сауда-саттық бағытындағы жобаларға аталған несиені беру қарастырылмаған. Несиені алу үшін кепіл қою және жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті. Қазір кәсіп етемін деген жанға мемлекеттен қолдау көп. Тек жолын тауып, тың идеясын жүзеге асырса болғаны. Ондай жандар бүгінде кәсібінің нәсібін көруде. Мәселен, Жалағаш ауданының тұрғыны жас кәсіпкер Сырым Жұбанияздың еңбегін айтуға болады. Кәсіпкер осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын үйінің ауласынан шағын цех ашып, нан өнімдерін дайындай бастады. Осылайша Сырым бүгінде Жалағаш кентінің тұрғындарын тандыр нанмен қамтамасыз етіп, жалағаштықтардың алғысына кенеліп отыр.
Оның наубайхана ашып, кәсіп бастауына, жастық интузиазм мен еңбек етуге деген құлшынысы сеп болған. Екі қолға бір күрек іздеп, жұмыссыз жүрген шағында Сырым қаладағы ағасының наубайхана цехына барып, бос уақытын құр өткізбей бұл кәсіптің қыр-сырына қанығады. «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсілді жақсы түсінген ол үйренген ісін туған өңірде кәсіп қылғанды жөн көреді. Нан пісіру тек нәзікжандылардың жұмысы деп сөгерміз, десе де Сырым көп ойланбай өзінің азын-аулақ қаражатына нан пісіретін тандыр пеш, керек жарақтарын, бастапқы ұн, тұз секілді шикізат қорын қалыптастырады. Сөйтіп 2021 жылдың күзінде кәсібін бастайды.
«Жалағашқа тандыр нан Тереңөзектен келеді, жалпы, кентте нан пісіретін кәсіпкерлердің қатары жоқтың қасы. Оның қасында ауылдық елді мекендерді айтпай-ақ қойыңыз. Негізі отбасымызбен дастарханда ыстық, балғын нанның болғанын қалаймыз. Тек біз ғана емес деп ойлаймын. Десе де балғын нан өнімдері кейде дүкен сөрелерінен табылмай жатады. Осындай тапшылықты көзіммен көргесін, наубайхана ашу ойыма келе қалды. Ойымды отбасыммен бөліскенімде, олар да дереу қолдай жөнелді. Сөйтіп «Алинұр» деген атпен жеке кәсіп аштым. Жасыратыны жоқ, бастапқыда барлық жұмыстарды бір өзім атқаруыма тура келді. Күніне 2 қап ұннан бастадым, бірақ бүгінде 4-5 қапқа жеткіздім. Қазір жанымда көмекшім бар. Қамыр илеуді түнде бастап, таң ата тандыр пешке саламыз. Шүкір, өнімдеріме сұраныс бар. Ыстықтай дүкендерге өткіземін. Мысалы, мен пісірген тандырды орталықтағы «Қаракөз» дүкенінің сөрелерінен көре аласыздар», – дейді жас кәсіпкердің өзі.
Кәсіп иесі жыл өткен сайын алға қадымдап дамып келеді. Олай болары да заңдылық, өйткені күні-түні осы шаруаның соңында жүр. Тұрақты тұтынушылары да қалыптасып үлгерген. Наубайхана қуаттылығы күніне 450-500 дана тандыр нан пісірсе, әр данасын дүкендерге 110 теңгеден өткізеді. Цехқа келетін болсақ, тандыр пешті Түркістан қаласынан әкеліп орнатқан, газбен қызады. Наубайханашы осы технологияны құп көріп отыр. Өйткені қауіпсіз әрі экологиялық таза. Іскер азамат ұнды облыс орталығынан алдыртады. Сондай-ақ цех ішінің тазалығына ерекше көңіл бөледі. Кәсіпкер жұбайы екеуі өндіріс орнын күніне екі мезгіл тазалауды міндеттеп қойған. Кейде тазалықты тексеру мекемесінің өкілдері де келіп тұрады екен. Жалпы, наубайхана барлық санитарлық талапқа сай. Кейде жұмысшылар табылмай қалатын кездер де болған. Ондай жағдай туындай қалса, білекті түріп, өзі кірісіп кетеді екен.
– Мұның барлығы әр істі бастар кезде кәсіпкердің басынан өтетін жайт екенін жақсы түсінемін. Табысқа жетудің бірден-бір кілті, ол – төзімділік. Қандай жұмыс болса да ауыр-жеңіліне қарамау қажет. Ал несібе өздігінен келе бермейді ғой. Ең бастысы, жоспарым мен нақты мақсатым бар, – дейді ол.
Кәсіпкер өнімдеріне деген сұраныстың ұлғаюына байланысты алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазір нанның бір түрі, яғни тандырды ғана пісірсе, келешекте өнімнің бірнеше түрін шығаруға ниетті. Мәселен, қара нан, батон, тәтті тоқаштар, самса секілді ұн өнімдерін өндірмек. Ойы жүзеге асып жатса, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту ойында бар. Цех орнын да үй ауласынан бөлек аймаққа ауыстырмақ.
Қосымша жұмысшы мен нан пісіретін құрал-саймандар алып жатса, қазіргі ғимарат тарлық етеді. Әрине талаптанып отырған жас іскер азаматқа қаржылай көмек демеу болмаса, артық болмайтыны белгілі. Өйткені нан илейтін миксер, тандыр пеш секілді наубайхана құралдары қыруар ақша тұрады екен. Қуантарлығы, бүгінде жұмыс істеймін деген адамды мемлекет әрдайым қолдауға дайын, тек нәтижеңді көрсет. Сондықтан кәсіпкер ойының орындалатынына күмәніміз жоқ, ең бастысы, Сырымның сүйікті ісіне деген сенімі мен іс-әрекеті нық.
Жалағаштық кәсіпкер Нұржан Бахтиярұлы бұрын пластик есік-терезелер шығаратын цехта жұмыс жасайды. Жұмыста жиған тәжірибесі оның кәсіп бастауына айтарлықтай сеп болған. Бүгінде оның бұл салада іс бастағанына 10 жылдан асыпты. Содан бері аудан орталығындағы «Нұр-Нұр Plast» кәсіпорны үздіксіз халыққа қызмет етіп келеді.Шикізат мұнда облыс орталығынан жеткізіледі екен. Қазіргі таңда бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс ошағының өніміне сұраныс жоғары. Жаз басталғаннан қазан айының ортасына дейін құрылыс тоқтамайды. Пластик есік-терезелер әзірлейтін кәсіпорындар тауарының өтімдірек болатын тұсы да осы. Алайда Нұрекең өткен қыста да шағын цех жұмысы тоқтамағанын айтады. Демек тапсырыс мол, ал оның бәрінің сұранысын қамтамасыз ету үшін, әлбетте кәсіпорын көкжиегі кеңею керек. Кезінде қолда бар азын-аулақ қаражатпен жұмысын бастап кеткен шағын цехтың бүгінде шаруасы шираған. Кәсіп иесі бастапқыда мұнда құрал-саймандардың тапшылығы еңбек өнімділігіне айтарлықтай қолбайлау болғанын айтады. Алайда бұл мәселені шешуде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың үлкен көмегі болыпты.
– Қолда бар қаражатпен цех ашып, жұмысты бастап кеттік. Алайда мұнда өнім шығаруда арнайы аппараттардың жоқтығынан біз тапсырыс көлемін қысқартуға мәжбүр болдық. Кейін мемлекеттік бағдарламамен 2 миллион теңге шағын несие алып, цехты арнайы құрал-жабдықтармен жарақтадық. Қазір барлық тапсырысты қамтамасыз етуге цех қауһарлы. Біздің өнімге сұраныс та жоғары. Шикізат негізінен Қызылорда қаласынан келеді. Мұндағы мамандардың барлығы осы салада шираған кәнігі қызметкерлер. Бұйыртса, кәсіпорын көкжиегін кеңейту жоспарда бар. Себебі тапсырыс уақыт өткен сайын еселенуде. Ал оның барлығын қамтамасыз ету үшін біз өндіріс ошағының өрісін кеңейтуіміз керек, – дейді кәсіпорын басшысы.
Расында өндіріс ошағының ғимараты тым шағын. Бір ғана аядай бөлмеде шикізат сақталады, өнім де сол жерде әзірленеді. Нұржан Узбаев бұйыртса, өзі тұратын үйінің жанынан үлкен ғимарат салып, цехты сонда көшіруге талап қылуда. Кәсіпкердің алдағы жоспары көп, мұндағы аппараттарды да жаңалауға ниеттеніп отыр. Мәселен, шағын цехтағы кескіш құралының өзі 2 қызмет атқарса, оны 5-6 функцияны бір өзі жүзеге асыратын алып аппаратқа алмастырмақ. Мұндағы пластик есік-терезеге арналған үтік те дәл осындай. Мәселен, мұндағы үтікпен әр терезенің бұрышын әлгі аппаратқа салып тегістігін қамтамасыз етсең, қабырғаға орнатылған үтікпен есік-терезенің 4 бұрышын бір-ақ шығарасың. Бұл аппараттың бір өзі 2,5 миллион теңге тұрады екен.
Мәдениет ауылының тұрғыны, кәсіпкер келіншек Ақмоншақ Төлеген бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Оның кондитерлік дүкенінде кезекте тұрғандардың қатары сиремейді. Кәсіпкер қайтарымсыз грантқа ие болып, мемлекет қолдауын көргендердің бірі. Кәсіп иесінің кондитерлік бұрышында іздеген тәттінің бәрі бар. Тоқаш, торттың түрлері, бәліш пен тәттілерді, самса, пицца және нан өнімдері тағы не дейсіз, бәрі-бәрі осында. Ауыл тұрғындары-ақ кәсіпкердің жұмысын қыздырып тұр. Әсіресе жаз айларында тапсырыс көбейеді екен. Тәтті өнімдерді қолдан пісіретін Ақмоншақтың жоспары да жоқ емес. Алдағы уақытта кондитерлік кәсібін кеңейтіп, дамытуды қолға алмақ.
– Алғашында болашақтағы кәсібімді қалай бастаймын, қалай дамытамын және оның пайдасы жөнінде көп ойландым. Қайтарымсыз грантқа ие болған кезде алдын ала жоспарланған істерімді лезде бастап кеттім. Қазір кішігірім кондитерлік кәсібім жұмыс істеп тұр. Мен кәсібім аясында өзімнің тәжірибемді жетілдіре түстім дей аламын. Бұған дейін де тәттілер пісіруде өзімнің қабілетім, тәжірибем де болды. Осында тұрмысқа шыққан соң бұл қолымнан келіп тұрған қабілетімнен қол үзіп қалғым келмеді. Сұраныс бар, көріп тұрғаныңыздай, азық-түлік дүкенімнің де саудасы жақсы. Пісірген тәттілерімді, торттарымды, жасаған сусындарымды осы дүкеніме сатылымға қоямын. Ауыл адамдарының да дені үйренген, пісірген өнімдерімді сүйсініп тұрып сатып алады, – дейді Ақмоншақ.
Кәсіпкер келіншекпен әңгіме үстінде жас та болса жан-жақтылығына, табандылығы мен ізденімпаздығына таңданғанымыз рас. Өйткені келіншек дүкенінің жұмысын, пісіретін тәттілері мен дайындайтын салқын сусындарын үлгертіп қана қоймай, той-томалақ, мерекелік кештерді безендіруді, тапсырыспен тұсаукесер, қыз ұзату, құдалық сынды мерейтойларға арналған тойбастарлар жасауды да қолға алыпты.
– Бұл әрине оңай емес қой. Келін болғасын үй тірлігін, дүкеннің келушілерін, кондитерлік жұмысыммен қатар тапсырыспен безендіруге, тойбастар сыйлықтарын жасауға уақыттың тығыз екені анық. Бірақ жаспыз, ниет болса, үлгеруге болады. Қосымша қолға алған жұмысым бойынша қазірдің өзінде бірнеше тапсырыс алып үлгердім, шүкір, ойдағыдай жасап жатырмын. Бастысы, тапсырыс берушілерден алғыс алып жатырмын. Соған қарағанда жасаған жұмыстарым сұранысқа сай деп есептеймін, – деген ол мұнымен тоқтап қалмайтынын да жасырмады.
Кәсіпкер келіншек тапсырысының көптігіне қарамастан көтеріңкі көңіл-күймен жүріп-ақ барлығына үлгереді. Кондитерлік өнімдер сөресіндегі торттардың бағасы 3500-7000 теңге аралығында. Кәнігі «Медовиктен» бастап, «Қызыл барқыт», «Вупипай», «Бисквитті» торттарды кезіктіресіз. Біз барған кезде дүкеніндегі мұздатқышын жаздың ыстық күндері сұранысқа ие салқын сусындарға толтырып қойыпты. «Лайм», «Мохито» деп аталатын салқын сусындарының дәмі кәнігі дүкендерде сатылатын сусындардан артық демесеңіз, кем емес. Аядай ауылда отырып, қаншама тірліктің басын құрап, келістіріп, үлгертіп отырған келіншектің адам жатырқамайтын ашық мінезімен сүйсінткені тағы бар.
Ақмоншақ Төлеген Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін Қаржы мамандығы бойынша Экономика және бизнес бакалаврын тәмамдаған. Мұнымен қоса Әскер кафедрасын қаржылық қамтамасыз ету мамандығын алған запастағы офицер. Негізгі мамандығы бойынша жұмыс жасағысы келгенімен ауылда мүмкіндік болмағанын айтады. Сол себепті кәсіпке бетбұрып, тәуекел еткен.