Енді қазақстандықтар зейнетақы жинағын туыстарының еміне де жұмсай алады
Қазақстанда зейнетақы қорынан ақша алу ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
1 шілдеден бастап жаңа әлеуметтік кодекс өз күшіне енді. Осыған сәйкес азаматтардың зейнетақы қорынан ақша алу ережелеріне де өзгерістер енгізілген. Мәселен, ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер бұған дейін міндетті зейнетақы жарнасы мен кәсіптік зейнетақы жарнасын баспана алуға немесе емдеуге жұмсай алатын. Енді бұдан былай біржолғы зейнетақы төлемін алар кезде бұл жұмысшылардың кәсіптік зейнетақы жарнасы есептелмейді. Демек азаматтар жарнаның бұл түрін үй алуға немесе емге жұмсай алмайды. Есесіне сенімгерлік басқаруға берерде еш кедергі болмайды.
“Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру кезінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі бұдан былай ескерілмейді. Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезден бастап салымшы аталған зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруге құқылы", – делінген құжатта.
Сонымен қатар азаматтар біржолғы зейнетақы төлемдерін жақын туыстарының еміне немесе баспана жағдайын жақсартуға жұмсай алады. Жақын туыс санатына ата-ана, туған немесе асырап алған балалар, асырап алушылар, ата-әже және немерелер кіреді. Экономист Меруерт Махмұтова бұл, әсіресе, жалақысы төмен азаматтарға тиімді дейді.
Сондай-ақ сарапшы әу баста зейнетақы қорындағы қаражатты баспана алуға немесе емдеуге жұмсау туралы шешім дұрыс емес дейді. Себебі аз жалақығы күн көретін қарапайым халық зейнетке шыққан кезде табыссыз қалуы қаупі бар. Сәйкесінше бұл жоғары жалақы алатын лауазымды тұлғалар мен биліктегі басшылық қызметте жұмыс істейтіндерге ғана тиімді екенін түсіну керегін атап өтті.