Жедел-жәрдем қызметкерлері 160 мың тенге жалақыға қарсы

1 533

Фото: Әлеуметтік желіденҚазақстанның түрлі өңіріндегі жедел жәрдем қызметкерлері жалақының төмендігіне, жүктеменің шамадан тыс көптігіне және әлеуметтік қолдаудың жоқтығына шағымданып, видеоүндеу жариялады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Астанадағы фельдшерлердің айлығы 250–270 мың теңге, бірақ олар ай сайын 30–45 мың теңгеге аз аламыз дейді. Шақырту саны да үш есеге артып, тәулігіне 9 мыңға дейін жеткен. Жұмыс қауіпі жоғары болғанымен, әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылмаған. Көпшілігі демалыссыз қосымша жұмыс істеп жүр, тіпті 80%-ы жұмыстан кетуге дайын екенін айтқан.

Өңірлердегі жағдай тіпті қиын: кіші қалаларда фельдшерлер 160–170 мың теңге алады. Көпшілігі ипотека мен несие үшін 5–8 қосымша жұмыс істейді. Бригадалар жетіспегендіктен шақыртуларға 4–5 сағат кешігетін кездер жиі болады. Агрессивті науқастар, ауыр жағдайлар, қауіпсіздік құралдарының жоқтығы — күнделікті мәселе.

Теміртауда айлық 140–200 мың теңге шамасында. Санат, үстемеақы, премия — не төленбейді, не тұрақсыз. Жалақының аздығы өз алдына, қызметкерлер ай сайын кем есептелген жалақыны талап етуге мәжбүр.

Жедел жәрдем көліктері тозған, бригадалар аз, жүктеме — тәулігіне 20–25 шақырту. Фельдшерлер демалмай, түннен түнге шығуға мәжбүр.

Қызметкерлер мәселе көтергелі басшылық тарапынан қысым болғаны айтылады. Бірақ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мұны жоққа шығарды. Министрдің айтуынша:

  • биыл өңірлерге 113 жаңа жедел жәрдем көлігі жеткізіледі;
  • жалақыны көбейту үшін тарифтер қайта қаралып жатыр;
  • алдағы үш жылда жедел медицинаны дамытуға 5 млрд теңге бөлінген;
  • биыл 160 жаңа бригада құрылған.

Дегенмен фельдшерлер нақты өзгеріс болмайынша жағдай жақсармайтынын айтады.